NoFake

Шымкентте 18 мыңнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды

Фото: freepik.comm

Шымкентте киберполицейлер екі ай ішінде 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолын кесіп, ондаған интернет-ресурсты бұғаттады, деп хабарлайды NoFake.kz.

ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпаннан бері киберқылмысқа қарсы бағытта нақты шаралар қабылданған.

«Іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, бір ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды. Сонымен қатар, 2 хакердің заңсыз әрекеті тоқтатылды», – делінген ведомство ақпаратында.

Сондай-ақ SIM-карталарды заңсыз белсендірумен айналысқан 5 адам ұсталып, олардан 3000-нан астам SIM-карта мен 18 ұялы телефон тәркіленген. Киберқылмыс бойынша 37 тұлға жауапкершілікке тартылып, 27 азамат профилактикалық есепке алынған.

«Антифрод” жүйесі арқылы 15,5 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталып, 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді. Бұдан бөлек, қылмыстық мақсатта пайдаланылған 337 интернет-ресурс бұғатталды», – деп нақтылады ІІМ.

Министрлік дерегінше, аталған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаржылық шығындардың алдын алуға бағытталған.

Оқу үшін