Әйелдердің зейнетке шығу жасын қайта қарау туралы қауесет расталмады

Фото: Gov.kz
Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын қайта қарау жоспарланып отырған жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай кулуарда мәлімдеді. Оның айтуынша, қолданыстағы кезең-кезеңімен арттыру тәртібі сақталады. Вице-министр зейнетақы көлемі азаматтардың еңбекке қатысу ұзақтығына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан еңбек кезеңінің қысқаруы төлем мөлшерінің азаюына әкеледі.
«Зейнетақы азаматтардың еңбекке қатысуына байланысты қалыптасады. Сондықтан еңбек кезеңінің қысқаруы зейнетақы деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Осыған байланысты бұрын зейнетке шығу жасын арттыру туралы шешім қабылданған. Бұл әйелдердің де зейнетке шыққанда ерлермен тең деңгейде төлем алуына мүмкіндік беру үшін қажет», – деді Виктория Шегай.
Сондай-ақ, ол 2028 жылдан кейін әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты мораторийді ұзарту мәселесі қазіргі уақытта күн тәртібінде жоқ екенін айтты. Осылайша, зейнет жасын қайта қарау туралы тараған ақпарат расталмады. Үкімет бұрын бекітілген саясатты ұстануды жалғастырады.


