Ресейлік әншінің өтпеген концерті үшін 5,3 млн теңге қайтарылды

Фото: magazine.ru
Солтүстік Қазақстан облысында ресейлік әншінің өтпеген концертіне билет алған азаматтардың қаражаты сот арқылы қайтарылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Петропавл қалалық соты кәсіпкерден 5,3 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы талапты толық қанағаттандырды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, сотқа жүгінуге Қостанайда өтуі тиіс болған «Akmal» концертіне қатысты шағымдар негіз болған. Іс-шара өтпегенімен, кәсіпкер тұтынушыларға ақшаны толық қайтармаған.
«Істі қарау барысында көптеген тұтынушылардың төленген қаражатты толық көлемде алмағаны анықталды. Сотқа дейінгі талап жолданғанына қарамастан, бұзушылықтар жойылмаған», — деп хабарлады департамент.
Оннан астам азаматтың құқығы бұзылғандықтан, департамент белгісіз тұлғалар тобының мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінген. Нәтижесінде жауапкерден 5 380 126 теңге өндірілді.
«Қабылданған сот шешімі тұтынушылардың құқықтарын мемлекет тарапынан кепілдендірілген қорғаудың маңыздылығын көрсетеді. Кәсіпкерлер қызмет түріне қарамастан өз міндеттемелерін толық орындауға тиіс», — деп атап өтті департамент басшысының міндетін атқарушы Ғ. Абаев.
Ведомство тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастыратынын және әрбір бұзушылыққа қағидатты түрде әрекет ететінін мәлімдеді.


