ІІМ жалған инвестиция схемасының негізгі белгілерін атады

Фото: Depositphotos
Ішкі істер министрлігі азаматтарды инвестициялық алаяқтық схемаларының негізгі белгілерін атап, азаматтарды қаскөйлерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «жеңіл табыс» уәдесіне сеніп, алаяқтарға алдану жағдайлары жиілеген. ІІМ мәліметінше, мұндай схемалар көбіне тартымды жарнамадан басталады. Азаматтар сілтемеге өтіп, байланыс деректерін қалдырғаннан кейін, өздерін «қаржы маманы» немесе «жеке менеджер» ретінде таныстыратын алаяқтар хабарласады.
«Көп жағдайда алдымен аз көлемде қаражат салу ұсынылады. Кейін жалған платформаларда «табыс» көрсетіліп, азаматтың сеніміне кіреді. Осылайша оларды ірі сомада ақша салуға итермелейді», — деп ескертті ІІМ.
Алайда қаражатты қайтару кезінде түрлі сылтаулар айтыла бастайды. Алаяқтар «комиссия төлеу», «сақтандыру жарнасы», «салық аудару» сияқты жалған талаптар қойып, жәбірленушіден қайта-қайта ақша сұрайды.
«Ешбір заңды инвестициялық ұйым әлеуметтік желілер арқылы кепілді табыс уәде етпейді. «100 пайыз пайда» немесе «аз уақытта мол табыс» деген ұсыныстар — алаяқтықтың негізгі белгісі», — деп атап өтті ведомство.
Полицияның айтуынша, алаяқтар жалған сайттар жасап, танымал компаниялардың атын пайдаланып, азаматтардан банк деректерін, SMS-кодтарды сұрайды және қаражатты жеке шоттарға аудартуға тырысады.
Айта кетейік, бүгін, Астанада өтіп жатқан киберқылмысқа қарсы форумда ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бейбіт Біржанов ел бойынша былтырмен салыстырғанда интернет-алаяқтық 6%-ға азайғанын мәлімдеген еді.


