Цифрлық көмекші не істейді: вице-министр түсіндірді

Фото: gurk.kz
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков кибералаяқтықпен күресте цифрлық көмекшінің қандай функция атқаратынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Біріншіден, әділет министрлігінің adilet.kz сайтында барлық заң, заң жобалары бәрі жинақталған. Сол сайтта цифрлық көмекші деген бөлім бар, ол жерде роботтың суреті тұрады. Кіріп бассаңыз, ол сіздің сұрақтарыңызға жауап береді. Яғни қандай да бір жағдай орын алса, ол сізге қалай көмектесу керек екенін айтып береді. Екіншіден, біздің E-zan komek деген мобильдік қосымша бар, сол жерде аудиқоңыраудың батырмасы бар, содан Call-орталыққа қоңырау шала аласыздар. Үшінші қадам, біз Қазақстан бойынша 20 заң клиникасын аштық. Ол дегеніміз азаматтар сол жерлерден тегін құқықтық көмек ала алады. Мысалы, Астанада Maqsut Narikbayev University және Еуразия ұлттық университетінде бар. Төртіншіден, егер адвокат қажет болса, біз мемлекет тарапынан тегін адвокат береміз», — деп түсіндірді ол.
Ведомство өкілі бүгінде министрлік Цифрлық кодекске киберқылмыспен күрес жүргізу мақсатында, арнайы қылмыстық бап енгізілгенін атап өтті.
«Цифрлық кодексте алаяқтармен күрес бойынша, біз қылмыстық істер бойынша қылмыстық істі қозғау бойынша нақты бап болмаған. Сол себепті қылмыстық істі қозғай алатындай жаңа бап қосылды. Сол баппен мысалы қазір 56 қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Ол дегеніміз аталған бап жұмыс жасап, цифрлық полицияның жұмысы іске асып жатыр деген сөз», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазақстанның киберкаржылық қалқаны: алаяқтық туралы ақпаратты жоққа шығарамыз» атты форум өтіп жатыр.


