Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өртке қатысты тергеу басталды — Әкім

Фото: Gov.kz
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыс әкімдігі ғимаратында болған ірі өрттен кейін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, жағдай оның жеке бақылауында, жедел штаб жұмысы жалғасуда. Нақты іс-қимыл жоспары бекітіліп, барлық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
«Біріншіден, ғимараттың техникалық жағдайын толық бағалау үшін сарапшылар тартылды. Өрт тек шатыр бөлігінде болды, алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес. Екіншіден, түстен кейін мамандардың басым бөлігі жұмыс орындарына оралады. Оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн форматта үздіксіз көрсетіледі. Үшіншіден, өрттің себептерін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Төртіншіден, қалпына келтіру жұмыстарының нақты жоспары әзірленіп жатыр», — деп жазды әкім Facebook парақшасында.
Әкім әр кезеңнің орындалуы жеке бақылауында болатынын атап өтіп, ақпарат тұрақты түрде жарияланып отыратынын жеткізді.
Айта кетейік, 7 сәуір кешке Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан облыстық әкімдік ғимаратында өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алты қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры жанған. Құтқарушылар шақырту түскеннен кейін 5 минут ішінде оқиға орнына жетті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте әртүрлі үш жерде ашық жану ошақтары байқалған.


