NoFake

Алматыда «NBC TV» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді

Фото: Gov.kz

Алматыда интернет арқылы жұмыс істеген «NBC TV» қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Күдікті 2025 жылы интернеттегі ресурс пен WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, инвестициялық онлайн-жоба ретінде бүркемеленген қаржы пирамидасын ұйымдастырған», – деп хабарлады ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті.

Тергеу деректеріне сәйкес, жобаға қатысушыларға қысқа бейнероликтерді қарау арқылы табыс табу ұсынылған.

«Ол үшін құны 11 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу талап етілген. Ұйымдастырушылар тәулігіне 5–10%-ға дейін табыс (айына 150%-дан астам) уәде еткен. Алайда бұл төлемдер нақты табыстан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Сонымен қатар жоба аясында рефералдық жүйе енгізіліп, жаңа адамдарды тартқан қатысушыларға 10%-ға дейін сыйақы төленген. Екінші және үшінші деңгейдегі қатысушылар үшін де қосымша бонустар қарастырылған»,-деді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Қаржы пирамидасының заңды қызмет секілді көрінуі үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді жарнама жүргізілген, жалған құжаттар жарияланып, жасанды табыс көрсеткіштері көрсетілген. Сондай-ақ блогерлер тартылып, арнайы чаттар арқылы қатысушылармен тұрақты байланыс орнатылған.

Тергеу барысында ақша қаражаттары жеке тұлғалардың шоттарына түсіп, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға жіберілгені анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.

Оқу үшін