NoFake

2025 жылы қазақстандықтардың жалақысы қанша болды – ресми дерек шықты

Фото: Depositphotos

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа айлық жалақы шамамен 442 мың теңгені құрады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ресми статистикаға сәйкес, жыл соңында жалақы өсімі байқалғанымен, нақты табыс деңгейі инфляция әсерінен төмендеген.

Атап айтқанда, IV тоқсанда орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңгеге жетті. Ал медианалық жалақы, яғни халықтың жартысы алатын нақтырақ көрсеткіш – 339 912 теңге болды. Жылдық динамикаға қарасақ, атаулы жалақы 8,8%-ға өскен. Бірақ нақты жалақы индексі 96,8% деңгейінде қалып, қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендегенін көрсетеді.

Сарапшылар мұны инфляциямен және жалақы өсімінің негізінен жыл соңындағы сыйақылар мен қосымша төлемдер есебінен қалыптасуымен байланыстырады. Яғни, IV тоқсандағы өсім тұрақты табыстың артуын толық білдірмейді.

Салалар бойынша ең жоғары өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында (25,9%) тіркелген. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік операциялары (14,5%), көлік және қойма (11,9%), ақпарат және байланыс (10,7%) және сауда саласында (10,3%) айтарлықтай өсім байқалды.

Ал әлеуметтік маңызды салаларда өсім төменірек: білім беру саласында жалақы 5,7%-ға, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде 5,6%-ға ғана артқан.

Өңірлік бөліністе ең жоғары өсім Ақмола облысында (17,4%) тіркелді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (13,1%), Абай облысы (11,7%), Алматы қаласы (11,5%) және Жетісу облысы (11,2%) көш бастап тұр.

Оқу үшін