NoFake

TikTok Қазақстанда 5,5 млн видеоны жою себебін түсіндірді

Фото: Depositphotos

TikTok 2025 жылы Қазақстанда 5,5 миллионнан астам видеоны не үшін жойғанын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«TikTok қазақ тілінде жаңа Сенім және қауіпсіздік орталығын іске қосты. Бұл орталық Қауымдастық ережелерін, Ашықтық орталығын және пайдалы ақпараттық ресурстарды бір құрылымға біріктіреді. Мұндай тәсіл пайдаланушыларға қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы табуға мүмкіндік береді, сондай-ақ компанияның сенім мен қауіпсіздікке деген ұстанымын айқын көрсетеді. Атап айтқанда, Ашықтық орталығы платформа қызметіне қатысты деректерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Оның ішінде жүйелі түрде жарияланатын тоқсан сайынғы есептерде жойылған контент туралы ақпарат ұсынылады»,- деп түсіндірді компания.

TikTok мәліметінше, видеолар негізінен Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін жойылады. Оған жалған ақпарат, қауіпті контент, қорлау және басқа да ереже бұзушылықтар жатады.

Қазақстан бойынша деректер

2025 жылдың қорытындысы бойынша:

– 5,5 миллионнан астам видео жойылған
– контенттің 99,9%-ы пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып анықталған
– видеолардың 98,5%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде өшірілген

Бұл көрсеткіштер контентті анықтау көбіне автоматты жүйелер арқылы жүзеге асатынын көрсетеді.

Әлемдік контекст

TikTok мәліметінше, 2025 жылы әлем бойынша 780 миллионнан астам видео жойылған. Оның 99,1%-ы шағымға дейін анықталған, ал 94,2%-ы алғашқы тәулікте өшірілген.

Жас қолданушылар мен эфирлерге бақылау

Фото: TikTok

Платформа тек 13 жастан асқан пайдаланушыларға арналған. Осы талапты сақтау үшін 2025 жылы әлем бойынша шамамен 93,5 миллион аккаунт жойылған. Сонымен қатар, тікелей эфирлерге бақылау күшейтілген. Бір жыл ішінде әлемде 131 миллионға жуық LIVE эфир тоқтатылған.

«2025 жылы Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін әлем бойынша шамамен 131 миллион тікелей эфир бұғатталды. Сонымен қатар, 2025 жылдың екінші тоқсанынан бастап платформа тікелей эфирлердегі Монетизация ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған шаралар туралы деректерді жариялай бастады. Алдымен авторларға ескертулер жіберіледі, бұл олардың контенті ережелерге сәйкес келмеуі мүмкін екенін түсінуге және оны түзетуге мүмкіндік береді. Егер бұзушылықтар қайталанса, TikTok авторлардың тікелей эфирлердегі монетизация мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы үш тоқсаны ішінде TikTok ескерту мен монетизацияны шектеу шараларын қоса алғанда, әлем бойынша шамамен 24 миллион тікелей эфир мен 12,5 миллион авторға қатысты тиісті шаралар қолданған»,-деді TikTok өкілдері.

Компанияның мәліметінше, контентті жою тек шағымдарға емес, алдын ала анықтау жүйелеріне де негізделеді — бұл қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі.

Оқу үшін