Қостанайда аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша үкім шықты

Фото: freepik.com
Қостанай қаласының №2 соты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша айыпталған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Сот материалдарына сәйкес, «TG» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы әрі директоры болған Г. 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін бірнеше рет алаяқтық әрекеттерге барған. Ол ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын жеткізу туралы жалған хабарландыруларды интернет-ресурстарға орналастырып, шаруа қожалықтары мен заңды тұлғалармен келісімшарттар жасаған.
«Алайда, күдікті өз міндеттемелерін орындау ниеті болмағанына қарамастан, тұқым үшін 100 пайыз алдын ала төлем алған. Кейін ол қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап, тапсырыстарды орындамаған. Нәтижесінде 11 жәбірленушіге жалпы сомасы 149,6 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген», — делінген ведомство хабарламасында.
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қаралған.
«Сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды және 10 жылға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер бұл ұстанымды қолдады», — делінген хабарламада.
Десе де сотталушы кінәсін мойындамай, өз әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, өзін ақтауды сұраған.
«Сот үкім шығару кезінде істің барлық мән-жайларын, қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейін ескеріп, Г.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


