Чекті кассада қалдырудың қаупі қандай: Кірістер департаменті түсіндірді

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желілерде тауар сатып алғаннан кейін фискалдық чекті кассада қалдыру немесе қоқыс жәшігіне тастаудың қаупі туралы ақпарат тарап жатыр. NoFake.kz бұл жазбаның қаншалықты рас екенін анықтады.
Анықталғандай бұл Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жазбасы болып шықты. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, қарапайым қағаз қиындысы қаскөйлердің қолында ұрлық құралына айналуы мүмкін. Өңірлік Мемлекеттік кірістер департаменті алаяқтықтың үш негізгі схемасын атап өтті:
Бөтен адамның атынан тауар ұрлау: Алаяқ сіз тастап кеткен (қолма-қол төленген) чекті тауып алып, дәл сондай тауарды сөрелерден алады да, шығар берістегі күзетке сіздің чегіңізді көрсетеді. Тіпті, дабыл қағылған күннің өзінде ол чекті дәлел ретінде пайдаланып, дүкеннен еш кедергісіз шығып кете алады.
Кассирлердің қулығы: Кейбір адал емес қызметкерлер иесіз қалған чектер бойынша тауарды қайтару рәсімін жасап, ақшаны өз қалтасына басуы мүмкін немесе сіз аңдамай тұрғанда чегіңізге артық тауар соғып жіберуі ғажап емес.
Кибербопсалау және жалған қоңыраулар: Чекте көбіне сатып алушының есімі мен картасының соңғы 4 цифры жазылады. Алаяқтар осы деректер арқылы сіздің телефон нөміріңізді тауып, «банк қауіпсіздік қызметі» атынан хабарласады. Олар соңғы жасаған саудаңыздың егжей-тегжейін айту арқылы сеніміңізге оңай кіреді.
Осы мәселеге байланысты біздің редакцияға пікір білдірген Маңғыстау облысы бойынша МКД бас маманы Мақсат Ақмұратов чекті талап ету – тек алаяқтықтан қорғану емес, азаматтық жауапкершілік екенін алға тартты.
«Бұл жай ғана қағаз емес, бұл – сіздің төлем жасағаныңызды растайтын басты құжат. Біріншіден, чек тұтынушылық құқығыңызды қорғайды: сапасыз тауарды қайтаруға немесе кепілдікпен жөндеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Әрбір соғылған чек салық органдарына ақпаратты автоматты түрде жібереді, бұл көлеңкелі экономикамен күресуге көмектеседі. Салық неғұрлым көп түссе, өңірдегі жолдар, мектептер мен ауруханалар соғұрлым сапалы қаржыландырылады», — дейді Мақсат Ақмұратов.
Маманның айтуынша, чекті талап етпеу арқылы тұтынушы өз құқығынан айырылып қана қоймай, сатушының салығын жасыруына жол береді. Сондай-ақ, ол сатушының картамен төлем қабылдаудан бас тартуы немесе чек бермеуі әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын ескертті.


