ҚазАвтоЖол ақылы жолдардағы лазерлік жүйенің пайдасын түсіндірді

Фото: АО НК "КазАвтоЖол"
Қазақстанның ақылы автомобиль жолдарында енгізіліп жатқан лазерлік визуалды бағдарлау жүйелері жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды NoFake.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бұл технология жүргізушіге жолды жақсырақ көруге және қозғалысты қауіпсіз басқаруға көмектеседі.
«Лазерлік визуалды бағдарлау жүйелері жүргізушінің көру аймағында қосымша жарықтық бағыт-бағдар қалыптастырады. Бұл қозғалыс бағытын дәл сақтауға, жылдамдықты уақытылы реттеуге және жол жағдайын тезірек қабылдауға мүмкіндік береді. Ұзақ әрі бірсарынды жол учаскелерінде мұндай шешімдер жүргізушінің зейінін сақтауға көмектесіп, қалғып кету қаупін төмендетеді. Жалпы, бұл технология жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған алдын алу шараларының бірі. Ол жүргізуші факторына түсетін жүктемені азайтып, күрделі ауа райы жағдайларында және түнгі уақытта қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді компания.
Қазіргі уақытта жүйе республикалық маңызы бар 22 жол учаскесінде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жоба интеллектуалды көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.


