Семейде өрт туралы фейк таратқан тұрғын айыппұл арқалады

Фото: Gov.kz
Семей қаласында өрт кезінде адам шығыны болды деген жалған ақпарат таратқан тұрғын жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты тарату, әсіресе төтенше жағдайлар кезінде, қоғамда негізсіз дүрбелең туғызады және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады», — деп ескертті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.
2026 жылғы 3 наурызда Семейдегі «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында өрт болған. Арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеген.
Алайда қала тұрғыны «Instagram» желісіндегі пабликтердің бірінде өрт салдарынан 18 адамның қаза тапқаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялаған. Мұндай мәліметтер тұрғындар арасында негізсіз үрей туғызып, қоғамдық тәртіпке кері әсер етуі мүмкін.
Құқық қорғау органдары күдіктіні жедел анықтап, оған қатысты әкімшілік іс қозғаған. Сот барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады.
2026 жылғы 18 наурыздағы сот қаулысымен тұрғын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енбеген.


