Жалған пәтер үшін ақша алған қостанайлық интернет-алаяқ ұсталды

Фото: depositphotos
Қостанай облысында жалған пәтер жалға беру арқылы азаматтарды алдаған интернет-алаяқтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Күдікті жалған хабарландырулар арқылы адамдардан ақша алып отырған.
Қылмыстық схеманы Қостанай және Қарағанды қалаларының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелері бірлесіп анықтаған.
«33 жастағы Қарағанды тұрғыны бұған дейін де осындай қылмыстар үшін сотты болған. Бұл жолы ол интернетте тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Шын мәнінде мұндай тұрғын үйлер болмаған, ал сенгіш азаматтар жоқ пәтерлер үшін ақша аударған. Тінту кезінде күдіктіден бірнеше ұялы телефон, әртүрлі адамдардың атына рәсімделген банк карталары және түрлі байланыс операторларының ондаған SIM-карталары тәркіленді»,-делінген ресми хабарламада.
Полиция интернет арқылы тұрғын үй іздеген кезде бейтаныс адамдарға ақша аудармау және хабарландырулардың шынайылығын мұқият тексеру қажеттігін еске салады.


