NoFake

Ақтөбеде электросамокат «бизнесі» атын жамылған қаржы пирамидасы әшкереленді

Фото: depositphotos

Ақтөбе қаласында өзін халықаралық компания ретінде таныстырған қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.

Олар электросамокаттарды жалға беру арқылы табыс табуды уәде етіп, 100-ден астам адамды алдаған.

«Қаржы пирамидасының негізгі белгісі — нақты табыс көзі болмай, салымшыларға төлемдердің жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүргізілуі. Бұл жағдайда ұйымдастырушылар өзін халықаралық компания ретінде көрсетіп, жоғары әрі тұрақты табыс уәде ету арқылы азаматтарды тартқан», — деп атап өтті Қаржы мониторингі агенттігі.

Анықталғандай, 2024 жылы бір топ адам «Harmony Rider Technology» (HRT) атауымен қаржы пирамидасын құрған. Ұйымдастырушылар өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын табысты компания ретінде таныстырған. Алайда іс жүзінде салымшыларға төленген қаражат жаңа қатысушылардан жиналған ақша есебінен беріліп отырған.

Салым көлемі 350-ден 20 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 долларға дейін болған.

«Азаматтарды алдау үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер және офлайн кездесулер кеңінен пайдаланылған. Қаражатты заңдастыру мақсатында криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін банк жүйесіне енгізу схемасы қолданылған. Мұндай жобаларға инвестиция салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеру қажет», — деп ескертті агенттік.

Тергеу барысында ұйымдастырушылардың қаржыны заңдастыру үшін криптоәмияндарды пайдаланып, кейін оны айырбастап, банк шоттарына аударып отырғаны анықталды. Жалпы, қаржы пирамидасына 115 салымшыдан 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Осы ақшаға күдіктілер 3 автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.

Сот үкімімен ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың иелігіндегі 3 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Оқу үшін