Электр есептегішін ауыстырамыз: Көкшетауда алаяқтар зейнеткерді пәтерсіз қалдырды

Фото: Freepik
Көкшетауда 85 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болып, пәтері мен жинаған қаражатынан айырылды. Келтірілген шығын 13 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оқиға 2025 жылдың желтоқсанында басталған. Белгісіз адам өзін электр желісі қызметкері ретінде таныстырып, есептегішті ауыстыру сылтауымен зейнеткердің жеке деректерін алған.
Биыл наурыз айында әйелге қайтадан қоңырау шалынған. Бұл жолы өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар оның атына шетелге ақша аударылып жатқанын айтып, құжаттарды шұғыл қайта рәсімдеуге көндірген.
Психологиялық қысымның әсерінен зейнеткер депозитінде сақталған 3,4 миллион теңгені курьерге тапсырған. Кейін алаяқтардың нұсқауымен өз пәтерін 9,7 миллион теңгеге сатып, барлық ақшаны соларға берген.
Пәтерді сату үшін үшінші тұлғалар — адвокат пен риелторлар тартылған. Олар сатып алушы мен нотариусты да өздері ұйымдастырған.
Бірнеше аптадан кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Жедел іздестіру шаралары барысында курьердің жеке басы анықталды. Ол да осы схемаға тартылған 75 жастағы қала тұрғыны болып шыққан.
Қазір оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеңіздер және өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған қоңырауларға сенбеңіздер.


