Астананың жасырын сырлары: Гид Алмагүл Нұрашевамен саяхат

Фото: Gov.kz
NoFake.kz Ақмолалық гид Алмагүл Нұрашевамен кездесіп, Елорданың танымал нысандарына қатысты қандай аңыздар мен мифтер бар екендігін анықтады.
Бейбітшілік және келісім сарайы: Сиқырлы энергия мен «ғайып болатын» құстар
Алмагүл Нұрашеваның айтуынша ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Сэр Норман Фостер жобалаған «Бейбітшілік және келісім сарайы», ел арасында «Пирамида» аталып кеткен бұл нысан – жай ғана ғимарат емес, ол әлем құрылымының тік моделі іспеттес. Бірінші қабат қара түстермен көмкерілген «жерасты патшалығы», ал нысанның дәл ортасында ерекше күш шоғырланған.
«Пирамиданың қақ ортасында киелі орын бар.Бұл – ғимараттың өзегімен байланысқан ерекше энергия нүктесі. Біз әдетте сол жерде тілек айтамыз. Ал бұл шындық па, әлде аңыз ба? Оны өздеріңіз шешіп көріңіздер», — дейді Алмагүл.
Тағы бір жұмбақ Пирамиданың ұшар басындағы «Бесік» залымен байланысты. Ондағы Брайан Кларктың витраждарында 130 көгершін бейнеленген. Бірақ олардың бір таңқаларлық қасиеті бар: күндіз оларды сырттан көру мүмкін емес. Көгершіндер тек түнде ғана сыртқа көрінеді.
Сондай-ақ, «Пирамиданың төбесінде жерге ешқашан қонбайтын тірі құстар мекендейді» деген әдемі аңыз бар. Алмагүл бұған күмәнмен қарайды: темір конструкцияның ішінде ұя салу құстар үшін қолайсыз екені анық. Соған қарамастан, бұл әңгіме әлі күнге дейін ел аузында.
Бәйтерек: «Алтын жұмыртқаның» айналасындағы миф
Бәйтерек монументі – көшпенділердің «Өмір ағашы» туралы танымының символы. Оның құрылысына қатысты техникалық мифтер де аз емес. Соның бірі – алып шар күннің қозғалысына сай айналып тұруы керек болған, бірақ механизмі істен шыққан-мыс. Алмагүл бұл қауесетті жоққа шығарады.
«Бұл – жай ғана фейк. Төбеде салмағы 300 тонна болатын шыны шар тұр. Оның айналмалы мейрамхана болатыны туралы аңыздар болған, бірақ іс жүзінде мұндай салмақтағы шардың айналуы техникалық тұрғыдан мүмкін емес», — дейді елордалық гид.
Көпес Кубриннің үйі: Елестер мен жасырын жолдар
Қаланың тарихи бөлігіндегі ең жұмбақ нысан – көпес Кубриннің үйі. Оның тарихы романтикалық аңыздан басталған: көпес бұл «қамалды» петерборлық балеринаға деген махаббатының белгісі ретінде салғызған. Кейінірек ғимарат «елестер үйі» деген үрейлі атқа ие болды. Гид бұл атауды кезінде мұнда НКВД кеңсесінің орналасқанымен байланыстырады.
Елестерге сену-сенбеу әркімнің өз еркі, бірақ жерасты жолдары — нақты факт.
«Кубриннің үйінен қазіргі жасыл шатырлы сауда орталығына дейін жерасты жолы бар. Бұл – шындық. Көпестер қонақ шақырғанда, қызметшілерді азық-түлікке жұмсау үшін осы жолды пайдаланған. Біздің қатал климатымызда бұл өте қолайлы шешім болған», — дейді гид.
Алайда қазіргі таңда бұл жол жабық.
«Бұл жол расымен де болған, бірақ кейін бұл маңға мұражай салу туралы шешім қабылданды», — деп атап өтті Алмагүл Нұрашева.
Қалалық ритуалдар: Сенім мен психология
Астана бейресми дәстүрлерге бай. Халық арасында тілек орындалатын «киелі орындар» қалыптасқан.
Маманның айтуынша Астанадағы қала қонақтары мен тұрғындары арасындағы танымал «тілек нүктелері» де бар. Олар:
1. Бәйтерек: Арман-тілек айтуға арналған дәстүрлі орын.
2. Пирамида: Ішіндегі эпицентр — ерекше энергия көзі.
3. Әзірет Сұлтан мешіті: Кейбір келушілер аспашамның түйіскен ортасында тұрып тілек айтады, бірақ бұл діни қағидаларға мүлдем жат.
«Сәттілік әкелетін» күнделікті әдеттер:
«Атыраулық көпірдегі бекіре балығының тұмсығын сипау – молшылық әкеледі».
«Ескі мешіттің қоршауына тиын тастау — тарихқа деген құрмет белгісі».
Бірақ гидтің өзі бұл әрекеттерге күмәнмен қарайды.
«Бұл – адамдардың өздері ойлап тапқан дүниесі», — дейді Алмагүл.
Дегенмен, мұндай аңыздардың өміршеңдігі «сиқырға» емес, адамның жақсылыққа деген табиғи құштарлығына негізделсе керек.


