Ақмола облысында шетелге жұмысқа орналастыруды уәде еткен алаяқ ұсталды

Фото: ҚР ІІМ
Ақмола облысында алаяқ шетелде жұмысқа орналастыруды уәде етіп, тұрғындардан миллиондаған теңге жымқырған, деп хабарлайды Nofake.kz.
Көкшетау қалалық полицияcы шетелде жұмысқа орналастыру қызметтерін көрсетуге байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Көкшетау қаласының тұрғыны 2023 жылдан 2026 жылдың қаңтарына дейін «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы азаматтарға Ұлыбританияға жұмысқа орналастыру бойынша ақылы қызметтер ұсынғаны анықталды. Күдікті виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, биометриялық процедуралардан өткізу және басқа да қызметтерді ұйымдастыру сылтауымен азаматтардан ақша алған», — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары іс жүзінде ешқандай жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілмегенін мәлімдеді. Олар қаражат банк аударымдары мен қолма-қол түрде берілгенін айтады.
«Қазіргі уақытта шамамен 80 адам жәбірленуші ретінде танылған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 40 миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Полиция қызметкерлері азаматтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға және алаяқтықтың келесі белгілеріне назар аударуға шақырады:
- «кепілдендірілген» жұмысқа орналастыру үшін толық немесе ірі көлемде алдын ала төлем талап ету;
- делдалдың ресми тіркеуі мен лицензиясының болмауы;
- визаны немесе басқа құжаттарды ресми органдарсыз «делдал арқылы» рәсімдеуді ұсыну;
- келіссөздерді тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүргізу;
- шешімді тез қабылдауға және қызмет ақысын жедел төлеуге қысым жасау.


