NoFake

18 жасқа толған балалар Ұлттық қордағы қаражатты қалай және қайда жұмсай алады

Фото: pixabay.com

Желіде балалары 18 жасқа толған немесе толатын азаматтар Ұлттық қордағы балалар шотына түскен соманы қалай жұмсайтынын білмей, аталған тақырыпты көп талқылаған. Nofake.kz тақырыпты зерттеп көрді.

Желі қолданушылары арасында балаларының жасы 18-ге толған немесе толатын ата-аналар аталған тақырыпты жиі талқылаған. Олар Ұлттық қордан түскен қаражатты қалай жұмсайтынын білмей, сұрақ жаудырған.

Скриншот әлеуметтік желіден

Nofake.kz аталған сұраққа жауап алу үшін, «Отбасы банк» өкілдеріне хабарласты.

«Балаларға Ұлттық қордан ақша түсіру жұмысы біздің құзыретімізге жатпайды. Алайда бала 18 жасқа толғаннан кейін, ол шотына түскен соманы екі мақсатта ала алады. Біріншісі, білім алу үшін. Екіншісі, тұрғын үй жағдайын жақсартуға. Міне осы кезде барлық біз аталған бағдарламаның операторы ретінде, кәмелет жасына толған балаларға қызмет көрсете аламыз», — деді банк өкілдері.

Банк мамандары шоттағы соманы алу жолдарын да түсіндірді.

«Ол үшін 18 жасқа толған азамат «Отбасы банкінің» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) enpf-otbasy.kz платформасы арқылы өтінім береді. Өтінім берген уақытта ол жоғарыда айтылған екі мақсаттың бірін көрсетуі тиіс. Ескеретін жайт, бұл қаражатты тек аталған 2 мақсатқа ғана пайдалануға болады, ақшаны жайдан-жай шешіп алуға болмайды», — деп толықтырды мамандар.

«Отбасы банк» бұл ретте, аталған бағдарлама іске қосылған үш жыл ішінде әрбір қатысушының шотында 370,56 АҚШ доллары жинақталғанын атап өтті. Сондай-ақ, екі жыл ішінде бұл платформада 29 721 695,95 АҚШ доллары сомасына 187 688 өтінім мақұлданғаны белгілі болды.

«Көбінесе 18 жастағы қазақстандықтар Ұлттық қор қаражатын «Отбасы банкіндегі» депозиттерін толықтыруға пайдаланады. Бұл бағытта enpf-otbasy.kz платформасында 112 818 өтінім өңделген. Нәтижесінде депозиттерге 9,1 млрд теңге бағытталған», — деді мамандар.

Сонымен қатар, мамандар Ұлттық қор қаражатын ипотека арқылы пәтер сатып алу кезінде бастапқы жарна ретінде қосуға немесе тұрғын үйді толық сатып алу кезінде төлем сомасына енгізуге болатынын жеткізді.

Айта кетейік, «Ұлттық қор-балаларға» — бұл 2006 жылы және одан кейін туылған әрбір бала мемлекеттен инвестициялық табыстың 50% бөлінетін бағдарлама. 2024 жылы бұл сома 100 доллардан асса, 2025 жылы бұл сома 232,94 АҚШ долларын құраған.

Оқу үшін