NoFake

Алатау қаласында кәсіпкерлерге қандай жаңа талаптар енгізілді

Фото:Gov.kz

Алатау қаласында «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат» пен «салықтық преференция» сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламенттің бірлескен отырысында оқыған баяндамасында Алатау қаласына қатысты он түрлі даму бағытын таныстырып, кәсіпкерлік қызметті реттеу және инвестициялық саясатты жетілдіру бағытында жаңа тәсілдер енгізілгенін мәлімдеді.

«Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары мен инвестициялық ынталандыру шараларын айқындайтын «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші — рұқсат» және «салықтық преференция» сияқты жаңа ұғымдар енгізілді», — деді депутат.

Бұл ретте бизнес-лицензия резиденттерге Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыру құқығын береді және мұндай қызметтің түрлері мен шарттарын айқындайды.

Инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық міндеттемелердің сомалары, сондай-ақ ұсынылған жеңілдіктер мен преференциялар туралы мәліметтер ашық қолжетімділікте орналастырылады»,- деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар, ол инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «қаржылық орнықтылық» және «ашықтық» қағидаттары күшейтілгенін мәлімдеді.

Жаңа қаладағы тағы бір ерекше мән берілетін жай – кәсіпкерлер мен инвесторлар құқығын күшейту.

«Бизнес субъектілерін тексеруге тек Бас прокуратура ғана құзіретті болатын жаңа норма енгізілді»,- деді баяндамасында депутат.

Айта кетейік, 2026 жылғы 27 наурызда Сенат пен Мәжіліс депутаттары палаталардың бірлескен отырысында Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Біз бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттарға Алатау қаласы туралы заң жобасын таныстырғаны, Алатауда жер пайдалану қаланың бас жоспарына толық сәйкестендірілетіні, ал меншік иелері мен жалға алушылар белгіленген мерзімде оларды игеруі тиіс екені туралы жазған болатынбыз.

Оқу үшін