NoFake

Қазақстан әскері туралы Threads-та резонанс тудырған фейк жазбаның авторы ұсталды

Фото: Gov.kz

Алаяқтық пен жалған ақпарат таратты деп күдікке ілінген 23 жастағы астаналық тұрғын ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы бір желі қолданушысы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын мәлімдеген.

«Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін жазған. Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Оқиғаның «қорқынышты» тұстарын баяндай отырып, ол өзіне қаржылай көмек сұраған, қауіп барын алға тартып, шетелге кету қажеттігін жеткізген. Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген. Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген»,-деп хабарлады полиция департаменті.

Сонымен қатар ол осы жағдайдан кейін депрессияға түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған. Алайда шотты тексеру үшін полицияға жүгінген бір желі қолданушысының қырағылығының арқасында жазба авторының жалған әрекеттері әшкереленді.

«Жедел қызметкерлерге тек реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Барлық күдік есепшот иесі — 17 жастағы жасөспірім екені анықталғаннан кейін расталды. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында пост авторы ұсталды. Жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді»,-деп жазды Polisia.kz басылымы.

Оның әскери қызметке қатысы жоқ әрі әскерде болмағаны анықталды. Күдікті жалған ақпаратты ақша жинау мақсатында жариялағанын мойындады. Жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, 23 жастағы азамат ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі бар.

Оқу үшін