ЖИ-видео генераторының Sora жобасы жабылады

Фото: Depositphotos
OpenAI ресми түрде Sora — видео генерациялайтын нейрожеліні жабатынын жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желілер мен кейбір басылымдарда OpenAI компаниясы видео жасайтын Sora нейрожелісін жауып жатыр деген ақпарат тарап жатыр. Алайда бұл мәлімет шындықты бұрмалап көрсеткен. Мұнда әңгіме бүкіл технология емес, тек Sora қосымшасының жұмысын тоқтату туралы болып отыр.
«Біз Sora қосымшасымен қоштасамыз…», — деп жазды жоба командасы X әлеуметтік желісіндегі ресми хабарламасында.
Демек, сөз нақты бір сервис — жасанды интеллект арқылы видео жасауға арналған қосымшаның жабылуы туралы ғана. Сонымен бірге, видео жасау саласындағы зерттеулер тоқтаған жоқ және олар компанияның басқа өнімдеріне қосылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, ашық дереккөздерге сүйенсек, OpenAI технологияның жаңа нұсқаларын, соның ішінде Sora-ның жаңартылған модельдерін жасап жатыр. Бұл осы бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқанын білдіреді.
Мұндай хабарламалардың таралуына ішінара Sora-ға деген қызығушылықтың азаюы, сондай-ақ авторлық құқық пен контент қауіпсіздігіне қатысты енгізілген шектеулер себеп болған. Бірақ бұл технологиядан бас тарту деген сөз емес.
Sora — OpenAI компаниясы 2024 жылы таныстырған, мәтін арқылы видео жасайтын нейрожелі. Жоба видеороликтердің шынайылығымен, соның ішінде дипфейкке ұқсас элементтерімен көптің назарын аударған болатын.


