NoFake

Қазақстандағы АЭС жобасы қандай деңдейде: «Росатом» басшысы пікір білдірді

Фото: Stefan Sutka

Қазақстандағы АЭС жобасы Балқаш маңында инженерлік барлау кезеңінде жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, жобаға халықаралық серіктестерді іріктеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Nofake.kz.

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв RT-ге берген сұхбатында Орталық Азиядағы корпорацияның стратегиялық мақсаттары туралы айтып берді. Ол Қазақстанда АЭС салуға қатысты инженерлік барлау жұмыстарының жүзеге асырылу барысына тоқталған.

Лихачёвтің айтуынша, қазіргі таңда зерттеу жұмыстары Балқаш көлі маңында жүргізіліп жатыр. Онда мамандар аталған аумақтың негізгі табиғи және техникалық параметрлеріне зерттеу жүргізген.

«Сейсмика, су, судың жай-күйі, ауа райы өзгерістері бойынша бір жылға жуық ауқымды бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде осы жылдың соңына немесе келесі жылдың басына қарай алаңның барлық сипаттамалары туралы есеп дайын болады. Осы есеп негізінде барлық тәуекелдерге жауап беретін жоба әзірленеді. Бұл сейсмикалық және климаттық факторларға, сондай-ақ жергілікті судың құрамы мен топырақтың ерекшеліктеріне қатысты», — деді «Росатом» басшысы.

Алексей Лихачёв Қазақстандағы жұмыс тек станция құрылысына дайындықпен шектелмейтінін де атап өтті. Ол елде болашақ атом саласы үшін кадрлық база да қатар қалыптасып жатқанан мәлімдеді. Мәселен, Алматыда Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалы ашылған. Сол сияқты жас мамандардың кәсіби қауымдастығы құрылып, олар халықаралық атомдық күн тәртібіне тартылуда.

Ол сондай-ақ «Росатом» Қазақстанмен уран өндіру, кен орындарын игеру, ядролық отын циклі технологияларына инвестиция салу және ядролық технологияларды жергіліктендіру салаларында ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, АЭС құрылысы бойынша референдум мен конкурстық рәсімдерден кейін «Росатом» халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталған болатын. Бүгінде осы бағытта «Балқаш» станциясының түпкілікті конфигурациясын қалыптастыру үшін басқа елдерден технологиялық серіктестерді іріктеу процесі жүргізіліп жатыр.

Оқу үшін