Алатауда жер қалай пайдаланылады: премьер орынбасарының жауабы

Фото: Freepik.com
Алатауда жер пайдалану қаланың бас жоспарына толық сәйкестендірілетін болады, ал меншік иелері мен жалға алушылар белгіленген мерзімде оларды игеруді қамтамасыз етуі тиіс, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бүгін Мәжілістегі брифинг барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау аумағындағы жерді пайдалану қалай реттелетінін түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Алатау аумағы 88 мың гектарды құрайды.
Оның ішінде шамамен 40%-ы немесе 37 мың гектары бұрыннан жеке меншікте. Тағы 27–28 мың гектар ауыл шаруашылығы субъектілеріне ұзақ мерзімді жалға берілген. Шамамен 10 мың гектар тұрақты жер пайдалану санатына жатады — бұл әскери құрылымдардың, арнайы қызметтердің, әуежайдың және басқа да нысандардың жерлері. Ал шамамен 14 мың гектар қолайсыз жерлерді құрайды.
«Ұзақ мерзімді жалға берілген жерлер бойынша олардың иелерімен үлкен жұмыс жүргізуіміз қажет. Яғни олар екі жыл ішінде қаланың бас жоспарына сәйкес инвесторлар тауып, Алатау әкімдігімен келісімдер жасасуы тиіс. Немесе екі жылдан кейін, біріншіден, салық мөлшерлемесі 10 есеге өседі. Ал үшінші жылы — 15 есеге дейін ұлғаяды. Бұл — жердің бос жатпауын қамтамасыз ететін экономикалық ынталандыру», – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекет оларға Алматы, Жамбыл және басқа да облыстардың іргелес аудандарынан шаруа қожалығын жүргізу үшін балама немесе одан да үлкен жер учаскелерін ұсына алады. Алайда ықтимал шешімдер мұнымен шектелмейді.
«Үшінші нұсқа — жалға алу құқығын мемлекет тарапынан сатып алу. Осыдан кейін біз бұл жерлерді таңдалған салалар бойынша инвесторларға ұзақ мерзімге — 99 жылға дейін жалға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жоба өтелу мерзіміне байланысты болады. Ал бұрыннан әртүрлі жолдармен сатып алынған және жеке меншікте тұрған жерлер де осыған ұқсас талаптарға бағынады», – деді вице-премьер.
Қанат Бозымбаев жерді міндетті түрде игеру қажеттігін атап өтті. Әйтпесе салық айтарлықтай өседі, әрі жерді басқа адамға сату бұл міндеттемелерден босатпайды. Мұндай жағдайда меншік иесі жерді мемлекетке қайтаруы немесе оны дамытуы тиіс.
«Яғни бұрынғыдай үлкен жер иелері секілді жерді иеленіп алып, ештеңе істемей немесе анда-санда көзбояушылық үшін жыртып, бірдеңе егіп қоюға жол берілмейді. Біз азаматтар нақты не істеп жатқаныңды — жыртып жатырсың ба, жоқ па — анықтамаймыз. Бірақ бас жоспарға сәйкес белсенділікті қамтамасыз етуге міндеттейміз», — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.
Еске салайық, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттарға Алатау қаласы туралы заң жобасын таныстырды.

