Вице-премьер ірі қара арасында аусыл ауруының таралуына қатысты пікір білдірді

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда аусыл ауруының ірі ошақтары тіркелмегенін айтып, шекарадағы бақылаудың күшейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Брифингте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елдегі ірі қара арасында аусыл аурының таралуына қатысты, әсіресе шекара маңындағы аудандарда аурудың таралуы туралы қауесеттерге түсініктеме берді.
«Біз өткен аптада ғана ауыл шаруашылығы министрлігі желісі арқылы тиісті препараттарды сатып алу туралы қаулыны қабылдадық және барлық мал толық вакцинациядан өтеді. Әсіресе шекарада ветеринариялық қорғаныс күшейтілді. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Әзірге аусылдың (ред. – індеттің таралуы бойынша) елеулі фактілері тіркелген жоқ», — деді ол.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың басында Ресейдің бірқатар өңірлерінде Новосибирск, Омбы және Том облыстарында, сондай-ақ Алтай мен Бурятияда аусылға ұқсас белгілері бар аурудың таралуына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын жаппай жою фактілері тіркелген еді. Дегенмен ресми дереккөздер мұны жиі жоққа шығарған болатын.
Осыған жауап ретінде Қазақстан Ресейдің зардап шеккен өңірлерінен мал әкелуге тыйым енгізді.

