Бозымбаев Алатау әкімі қаланы қалай басқаратынын түсіндірді

Фото: gov.kz
Бүгін Үкіметте өткен бірлескен палата отырысында Қанат Бозымбаев қала әкімдігі мен Alatau сity Authority қорының немен айналысатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Үкімет басшысы орынбасары Қанат Бозымбаев әкім мен мәслихаттың қаланы қалай басқаратынын баяндады.
«Жетіген болашақ Алатау қаласының — жүрегі. Алатау — Алматы облысының бірнеше ауылдық округтерінен құралады. Бұған дейін Алатау қаласының дамуына қатысты қандай да бір ірі жобалар қолға алынбаған. Сондықтан аталған заң қабылданғалы жатыр. Онда қалаға қатысты нақты түсініктер болады. Әкім мен мәслихат олар ағымдағы мәселелер, яғни әлеуметтік сала, инфрақұрылым, коммуналдық қызмет сияқты салалармен айналысады. Олардың өздерінің жергілікті қалалық бюджеті болады», — деді ол.
Сондай-ақ ол Alatau сity Authority қорының құзыретінде не болатынын және ол қандай қызмет атқаратынын мәлімдеді.
«Alatau сity Authority — бұл қор, ол мемлекеттік орган ретінде болады. Оның өзінің даму бюджеті болады. Ол қаланы дамытумен айналысады. Яғни, оған қаланы дамыту стратегиясы, кеңестің қаланы дамыту бойынша қабылдайтын актілері жатады. Бұл актілерді шартты түрде Алатау қаласының «заңдары» деп атауға болады», — деді премьер орынбасары.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, кеңесті Премьер-Министр басқарады, ал қабылданатын шешімдерді Президент бекітеді. Сондай-ақ, Кеңес құрамының кемінде үштен бірі тәуелсіз директорлардан тұратыны белгілі болды.
«Олар белгілі бір жетістіктерге жеткен, соның ішінде түрлі елдерден тартылатын халықаралық деңгейдегі мамандар болады деп күтіліп отыр. Халықпен байланысты күнделікті қызметтер ішкі саясат, әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым, халықты қамтамасыз ету, бөлшек сауда — мұның бәрі әкімдік пен мәслихаттың құзырында болады», — деді премьер орынбасары.
Сондай-ақ, ол қордың қандай міндеттерге жауап беретінін түсіндірді.
«Қаланың дамуы, инвестиция тарту, ірі инфрақұрылымдық жобалар, магистральдық желілер және стратегиялық жоспарлау — осының барлығы арнайы қордың құзыретіне кіреді. Яғни бюджеттері бөлек болғанымен, олар бір-бірін толықтырып отырады» — деді ол.
Премьер орынбасарының мәлімдеуінше, заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі — әкімді тағайындау тәртібі. Қазіргі таңда қала әкімі Алматы облысының әкімі арқылы тағайындалады. Ал жаңа жүйеге сәйкес, Президенттің тапсырмасына сай, Алатау қаласы орталыққа тікелей бағынатын қала болады және әкімді дамыту жөніндегі кеңес тағайындайды.
«Әкімнің рөлі көбіне city manager, яғни атқарушы биліктің кәсіби менеджері ретінде айқындалады. Ол негізгі атқарушы орган болады. Барлық стратегиялық жоспарларды елдегі және шетелдегі үздік мамандар әзірлейді, ал әкім сол жоспарларды жүзеге асыруға жауапты болады», — деді ол.
Бұл ретте Қанат Болзымбаев қала әкіміне кімдерге басымдық берілетінін атап өтті.
«Тағы да атап өткім келетіні жастарға жол беру қажет. Қазіргі таңда әкім орынбасары, аудан әкімі болып жүрген жас әрі қабілетті мамандарды тарту керек. Оларға мүмкіндік беру маңызды. Өз тәжірибемнен айтар болсам, жас кезімде маған да осындай мүмкіндік берілген еді», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте бірлескен отырыста Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы заң жобасы таныстырылған еді. Одан бөлек премьер орынбасары қалада инвесторларға қандай жағдай жасалатынын да түсіндіріп өткен еді.

