NoFake

Алатауда инвесторларға арналған шарттар бірдей болады — Бозымбаев

Фото: gov.kz

Бүгін Үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласында инвесторлар қандай шарттармен жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Оның айтуынша, қала офшорлық аймаққа айналмайды және онда барлық инвесторларға тең мүмкіндіктер жасалады.

«Алатау қаласы офшорлық аймақ болмайды. Жеңілдіктер тек қала аумағында шын мәнінде жұмыс істеп жатқан компанияларға ғана беріледі. Инвесторларға арналған барлық шарттар Алатау қаласының әкімдігі беретін бизнес-лицензияларда бекітіледі. Онда преференциялармен (ред. жеңілдіктер) бірге, инвесторлардың міндеттемелері көрсетіледі», — деді ол.

Бұл ретте Үкімет басшысының орынбасары инверсторлардың нақты нәтижесі, яғни ашылған жұмыс орындары, салық төлемдерінің мөлшері, сондай-ақ зауыт, фабрика, қонақүй немесе жеке клиникалар сынды әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне баса мән берілетінін жеткізді.

«Барлық жобалар, инвесторлар, олардың міндеттемелері және олардың орындалу барысы туралы ақпарат жарияланатын ашық ақпараттық жүйе құру жоспарлануда. Бұл жүйеге қолжетімділік барлық азаматтар үшін ашық болады. Мұндай тәсіл ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы сияқты тетіктер өсу қарқыны жоғары бірқатар шетелдік қалаларда, соның ішінде Шэньчжэнь мен Дубайда қолданылады», — деп түсіндірді премьер орынбасары.

Қанат Бозымбаеатың сөзінше, әкімшілік пен резиденттер арасындағы байланыс цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылады. Ал, инвесторлардың міндеттерінің орындалуын аудит арқылы бақыланып отырады.

«Яғни, толық ашықтықты қамтамасыз ету арқылы жекелеген, тек бір компанияларға жеңілдіктер беру мүмкіндігі шектеледі. Демек инвесторлардың шыққан тегіне қарамастан, барлық инвесторлар үшін шарттар бірдей болады», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін бірлескен палата отырысында Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласына арнаулы мәртебе туралы заң жобасын таныстырған еді. Сондай-ақ, ол биыл көктемде қай өңірлерге су басу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген болатын.

Оқу үшін