NoFake

Наурыз көже: Жеті дәмнің артында қандай наным мен ғылыми негіз жатыр

Фото: NoFake.kz

Наурыз көже – тек мерекелік ас емес, оның айналасында түрлі ырымдар мен наным-сенімдер қалыптасқан. NoFake.kz бұл дәстүрлердің мәнін саралап, олардың астарында қандай логика мен ғылыми негіз бар екенін қарастырды.

«Жеті үйден дәм тату»: Егер адам мереке күні 7 үйге кіріп, көже ішсе, жыл бойы жолы болады және үйіне құт қонады деп сенген.

«Тою мифі»: Көжені қарын тойғанша ішу керек. Егер осы күні адам көжеге әбден тойса, келер жылға дейін аш болмайды, шаңырағында береке үзілмейді деген наным бар.

«Тілек орындау»: Көженің алғашқы ұртымын ішерде іштей тілек тілеу дәстүрі бар. Бұл сәтте айтылған ниет «жаңа жылдың басы» болғандықтан, қабыл болады деп есептелген.

«Қазанның қасиеті»: Көже пісірілетін қазан ешқашан бос тұрмауы керек, ол «ырыс ортаймасын» дегенді білдіреді.

Аймақтық ерекшеліктер: Наурыз көжені қай өңір қалай қалай дайындайды?

Қазақстанның әр өңірінде көженің өзіндік «құпия» ингредиенттері бар:

Оңтүстік: Мұнда көбіне жүгері мен бидайды басым қолданып, көженің қою болғанына мән береді.

Батыс: Көжеге көбіне тары мен күріш қосылады және тағам «көрісу» дәстүрімен тығыз байланыстырылады.

Солтүстік пен Орталық: Сүр еттің (қазы, қарта, жал-жая) мол болуымен ерекшеленеді, сорпасы өте құнарлы болады.

Наурыз көженің құрамы ағзаның көктемгі қажеттіліктеріне бейімделген

Ғылыми тұрғыдан алсақ, Наурыз көже – ақуыз бен пробиотиктің, минералдар мен дәрумендердің мінсіз үйлесімі. Алайда бұл тағамның маңызы химиялық құрамынан әлдеқайда тереңде жатыр. Наурыз көже – бұл қазақ даласының «мәдени коды». Қазақ тағамтану академиясының маманы Әлия Қалдыбай көженің классикалық құрамындағы әр ингредиенттің биологиялық рөлін атап өтіп, оны теңгерімді тамақтанудың үлгісі ретінде жоғары бағалады.

«Наурыз көже — бұл тек дәстүрлі тағам емес, ол біздің ата-бабаларымыздың өте ақылды теңгерімді рационының үлгісі. Қыстан кейін ағзаны қалпына келтіру үшін олар ақуызға, көмірсуға, майға, табиғи талшықтарға және пробиотиктерге бай 7 түрлі тағамды біріктірген. Оның құрамы ғасырлар бойы қалыптасып, ағзаның көктемгі қажеттіліктеріне бейімделген. Бұл бір жағынан нышандық мәнге ие болса, екінші жағынан — толыққанды, теңгерімді тағам ретінде биологиялық тұрғыда да, ғылыми тұрғыда да негізделген тағам. Қазіргі заманда да оны дұрыс дайындап, мөлшермен тұтынсақ, ол өте пайдалы тағам болып қала береді», — деді ол.

«Бұл құрам — ғылыми тұрғыда ақуыз, көмірсу, май, пробиотик, тағамдық талшық ретінде толық теңгерімді тағам болып саналады. Әр тағамдық ингредиенттің биологиялық, нутритивтік мәніне тоқталып өтейік», — деп маман «Наурыз көженің» әр ингредиентіне тоқталып, оның жеке биологиялық қасиетін ғылыми тұрғыда айтып өтті.

«Ет толық құнды белокқа, майға және А, Д, В тобының дәрумендеріне, минералдық заттектерге бай тағам өніміне жатады. Ет ақуызы аминқышқылдарына өте бай,  олардың ішіндегі триптофан, лизин, аргинин организмнің өсу процесіне қатысады.  Еттің белогы сіңімді келеді, баяу қорытылады, сондықтан ет тағамдары балық, сүт және көкөніс тағамдарынан тоқ болады. Еттің құрамдас бір бөлігі  — шырсөлдік заттектері — карнозин, креатин, пурин — етке хош иіс беріп, асқазан бездерінің сөл бөлінуін арттырады. қорытылады, сондықтан ет тағамдары балық, сүт және көкөніс тағамдарынан тоқ болады. Еттің құрамдас бір бөлігі  — шырсөлдік заттектері — карнозин, креатин, пурин — етке хош иіс беріп, асқазан бездерінің сөл бөлінуін арттырады», — дейді маман.

Ал қазы мен сүр ет тұзы көбірек болғандықтан тағамтанушы оларды қан қысымы бар адамдар мөлшермен тұтынған жөн екендігін алға тартты.

«Сүр ет қоректік құндылығы жоғары энергияға бай және ақуыз көзі болып табылатын өнім. Оның қоректік құндылығы жоғары, бірақ тұз мөлшері көп болғандықтан, қан қысымын көтеруі мүмкін, жүрек-қантамыр жүйесіне теріс әсер етеді. Сондықтан да оны мөлшермен тұтыну керек. Егер денсаулығына қарсы көрсеткіштер болса, қосымша тұз салмаған жөн, немесе бірінші сорпасын төгіп тастаған дұрыс болады», — деді Әлия Қалдыбай.

Маман жылқы майының ерекшелігіне де тоқталды.

«Жылқы майының ерекшелігі құрамында қанықпаған май қышқылдары көбірек, ағзада жеңіл сіңеді. Бірақ құрамында май көп болғандықтан, оны мөлшермен тұтыну керек. Наурыз көжеде қазы тағамның құндылығын арттыратын негізгі компоненттердің бірі. Ол ақуызға, темірге бай, жоғары калориялы тағам. Ағзаға энергия береді, қан түзуге қатысады, анемияның алдын алады, бұлшықеттің жұмысына пайдалы», -деді ол.

Ал көжеге қосылатын басқа дәнді-дақылдар, май, кеспе немесе ұн өнімдері, айран немесе құрт құрамы, пайдасы және маңызына қатысты маманның айтқандарын төмендегі кестеге біріктіруді жөн көрдік.

Кесте: NoFake.kz

Жеті дәмнің бір қазанда қайнауы – бірліктің, татулықтың және ортақ тағдырдың нышаны. Бүгінгі қарбалас заманда бір кесе көже басында бас қосу – тек дәстүрді жаңғырту ғана емес, ата-бабаларымыздың табиғатпен үндес өмір сүру философиясын сезіну мүмкіндігі. Сондықтан биылғы Наурыз көже тек тәнге қуат емес, жанға шуақ, шаңыраққа шаттық сыйласын.

Оқу үшін