Алатауды кім басқарады: Үкімет қаланы дамыту жоспарын таныстырды

Фото: gov.kz
Бүгін Үкіметте қос палатаның бірлескен отырысында Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі тақырыбы да талқыланды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев отырыс барысында Алатау қаласының құқықтық мәртебесіне де тоқталды.
«Мемлекет басшысы бірнеше рет ерекше құқықтық мәртебе артықшылық емес, қажетті құрал екенін атап өтті. Ұсынылып отырған заң жобасы осы қағидатқа негізделген. Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режим қалыптасады. Ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтиды», — деді ол.
Вице-премьер мұндай мәртебе Алатауға жаңа басқару және технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналдыратынын атап өтті.
«Қалада сынақтан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де таралуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар «charter cities» деп аталады. Алатау қаласында тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев бірлескен отырыста Алатау қаласының басқару жүйесі, инвестициялық саясат, салық моделі, бюджеттік саясат, қаланың ұзақ мерзімді дамуы, жер қатынастары сынды маңызды мәселелерге тоқталып өтті.
Бірінші. Алатауды басқару жүйесі
Үкімет ұсынған мәлңметтерге сәйкес, Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік органы құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады.
«Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді», — деді премьер-министр орынбасары.
Екінші. Инвестициялық саясат.
Қанат Бозымбаев заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылғанын атап өтті.
«Бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығының немесе халықаралық арбитражды таңдай алады», — деді ол.
Үшінші. Тұрақты және болжамды салықтық модель қалыптастыру.
Үкімет басшысының орынбасары салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға берілетінін атап өтті. Бұл жобалар негізгі критерийлерге сәйкес болуы тиіс, олар:
– экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
– қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
– экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы;
– экологиялық талаптарды қамтуы.
Барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланатын болады.
Төртінші. Бюджеттік саясат.
Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады.
«Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады», — деп түсіндірді премьер орынбасары.
Бұл ретте қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді.
Бесінші. Қаланың ұзақ мерзімді инвестициялық дамуы.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді және олар 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары мен 15 жылдық стратегияны негізге алады.
«Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында аталған құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді», — деді ол.
Алтыншы. Жер қатынастары.
Қанат Болзымбаев сондай-ақ қалада жер қатынастары арнайы режим арқылы реттелетінін атап өтті. Ол сонымен бірге қаланың жер қоры қалыптастырылатынын жеткізді.
«Бұл стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады. Инвесторларға жер учаскелері бизнес‑лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Жерді пайдалану шарттары нақты инвестициялық міндеттемелермен тікелей байланысты болады», — деді ол.
Жетінші. Алатауды Smart City мысалында дамыту.
Үкімет ұсынған мәліметтерге сәйкес, қала бастапқыдан «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Яғни барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жұмыс істейді.
«Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды. Alatau City Authority‑дың цифрлық платформасы арқылы резиденттерге негізгі қызметтер ұсынылатын болады. Олардың ішінде рұқсат беру рәсімдері және арнайы құқықтық режимді қолдану жоспарлануда», — делінген хабарламада.
Бұл жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілетіні белгілі болды.
«Алатау қаласында цифрлық активтердің айналымын криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтердің реттеу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл мәселе Ұлттық банк пен қаржыны реттеу агенттігінің келісуі бойынша және қаржылық тұрақтылық қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылатын болады», — деді ол.
Премьер орынбасырының хабарлауынша, ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы Алатау қаласында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті юрисдикция қалыптастыруға бағытталған. Аталған тәсілдер экономикалық өсімді жеделдетуге, технологиялық дамуды күшейтуге және жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді.


