eGov-та үйді иесінің қатысуынсыз сатуға тыйым салу қызметі бар ма

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желіде eGov-та «мүлікті сатуға тыйым салу» қызметі бар деген жазбалар тарап жүр. Осыған орай NoFake.kz шынымен де аталған қызмет түрі бар ма анықтап көрді.
Желідегі жазбаны оқыған қазақстандықтар «eGov.kz» порталынан мұндай функцияны таба алмағандарын жазған.

Электронды үкімет порталына жауапты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» (ҰАТ) АҚ хабарлауынша, бұл ақпарат Ресейдің «Госуслуги» порталына қатысты. Қазақстандық eGov жүйесінде мұндай қызмет қарастырылмаған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер тізілімінде меншік иесінің жеке қатысуынсыз жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасауға тыйым салуды белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көзделмеген. Осыған байланысты eGov.kz электрондық үкімет порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында мұндай тыйымды енгізу үшін жеке өтініш беру функционалы қарастырылмаған», — делінген «ҰАТ» АҚ баспасөз қызметінің редакциямызға берген жауабында.
ҰАТ өкілдері жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мәселелері ҚР Әділет министрлігінің құзыретіне жататынын және ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Ведомство қосымша қорғаныс тетіктерін білу үшін азаматтарға тікелей Әділет министрлігіне жүгінуді ұсынды.
Балалар мен шетелдегі студенттердің мүлкі қалай басқарылады?
Сонымен қатар, редакция кәмелетке толмаған балалар мен шетелде білім алып жатқан студенттердің атындағы мүлікке қатысты жағдайды да сұрастырды.
Мамандардың айтуынша бұл мәселеде ереже өте қатаң: баланың үйін мемлекеттің бақылауынсыз сату немесе басқаға беру мүмкін емес. Кәмелетке толмағандардың мүлкіне қатысты кез келген әрекет қорғаншылық және қамқоршылық органдары арқылы жүреді.
«Мұндай мүлікке иелік ету тәртібі «Кәмелетке толмағандардың мүлкіне иелік ету үшін анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі шеңберінде реттеледі… Негізгі талаптардың бірі – кәмелетке толмағанның тұрғын үй жағдайының нашарламауы», — деп жауап берді «ҰАТ» АҚ.
Ал шетелде оқып жатқан кәмелетке толған студенттер үшін eGov-та мүлікті басқару құқығын беру бойынша жеке функция жоқ. Бұл жағдайда азаматтық заңнама нормалары, яғни нотариалды сенімхат рәсімдеу тәртібі қолданылады.
«Шетелде білім алып жатқан студенттерге қатысты айтатын болсақ, олардың мүлкін үшінші тұлғалардың басқаруына беру жөніндегі жеке мемлекеттік қызмет eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қарастырылмаған. Көбінесе мұндай жағдайларда мүлікті басқару мәселелері азаматтық заңнама нормаларына сәйкес реттеледі», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен, eGov.kz-те «иесінің қатысуынсыз сатуға тыйым салу» функциясы жоқ. Жеке кабинеттен оны іздеп уақыт кетірмеңіз – бұл өзге елдердің сервистеріне негізделген қате ақпарат. Ал шетелдегі студенттер үшін мүлікті басқарудың жалғыз заңды жолы – нотариуста (немесе ҚР консулдығында) рәсімделген сенімхат.


