NoFake

Жаңа Конституция: «Президент өкілеттігі жойылады» деген жалған видео тарады

Фото: NoFake.kz

Әлеуметтік желіде Жаңа Конституция Президент өкілеттігін жоятыны, биыл Президент сайлауы өтетіні жайлы видеолар қайта тарап жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мәселен, TikTok желісіндегі парақшалардың бірінде бір күн бұрын дәл осындай видео жарияланған. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі 2029 жылы тоқтатылады деп мәлімденгенімен, Жаңа Конституцияда оның бұған дейінгі өкілеттілігі жойылатыны туралы жалған ақпарат хабарланған. 

Сол сияқты тағы бір аккаунттағы видеода мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметінен кететіні жайлы видео жарияланған. Аталған аккаунтта да бейнежазба бір күн бұрын жария етілген. 

Дегенмен, бүгін Референдумда дауыс берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев брифингте тілшілер сұрағына жауап беріп, аталған ақпаратты жоққа шығарды. Cондай-ақ, мемлекет басшысы вице-президент лауазымы жайлы қауесетке де жауап берді. 

«Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді», — деп жауап берді ол.

Айта кетейік, елімізде бүгін республика бойынша республикалық референдум өтуде. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сағат 18:00-дегі жағдай бойынша  8 845 280 азамат өз таңдауын жасаған.

Оқу үшін