Елдегі жағдай бақылауда — ІІМ референдум барысы туралы

Фото: NoFake.kz/Асан Tөлеу
Ішкі істер органдарының қызметкерлері республикалық референдум кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр. Жеке құрам түгелдей күшейтілген қызмет режиміне көшті, деп хабарлайды NoFake.kz.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, басшылық және командалық құрам тәулік бойы кезекшілік етеді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық дауыс беру учаскелері алдын ала тексерілді. Онда техникалық, өртке қарсы және антитеррористік қауіпсіздік қаралды. Барлық учаске тәулік бойы күзетке алынды.
«Полиция қызметкерлері дауыс беру бөлмелерінің ішінде отырмайды. Олар ол жерге тек комиссия төрағасы шақырғанда, қоғамдық тәртіп бұзушылықтың жолын кесу үшін ғана кіре алады. Қазір елдегі жағдай тұрақты әрі ішкі істер органдарының толық бақылауында. Қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелмеді», -деді Шыңғыс Алекешев.
Еске сала кетейік, бүгін елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.


