NoFake

Ескі бюллетеньдерді жаппай салу видеосы желіде қайта тарады

Фото: Видеодан скрин

Желіде Қарасай ауданындағы №455 учаскеде бюллетень тасталғаны туралы ескі видео тарап жатыр. NoFake.kz бұл кадрлардың 2023 жылғы екенін анықтады.

Біздің мамандар бейнежазбаны «кері іздеу» құралы арқылы тексерді. Нәтижесінде бұл видео алғаш рет 2023 жылғы 19 наурызда жарияланғаны анықталды. Ол кезде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өткен болатын.

Фото: Видеодан скрин

Видеодағы жағдай расымен де болған, бірақ ол бүгінгі референдумға қатысты емес. Сол кезде (2023 жылы) Алматы облыстық сайлау комиссиясы №455 учаскедегі заң бұзушылықты растап, кінәлі мүшелерді қызметінен шеттеткен.

БАҚ бетінде жарық көрген материалдың 2023 жылдың наурызында жарияланғанын анық көруге болады. Видео сапасы төмен. Бұл әдетте оның бірнеше рет қайта жүктелгенінен болатын көрініс. Сонымен қатар, видеоның сипаттамасында да көбіне фейк ақпаратқа тән белгі — орфографиялық қателер мен нақты емес деректер жазылған. Онда автор референдумды сайлаумен шатастырған: «ояң қазақ қазахстаңда выборы референдум в казахстане происходит вот так открыто нагло решают судьбу людей и страны» деген жазудан көзі қарақты оқырман бірден жазбаның манипуляциялық мақсатта екенін түсіне алады.

Бұл видео әлеуметтік желіге 18 ақпанда қайта жарияланған. Ал жарияланым астындағы пікірлерде көпшілік оны бүгінгі референдуммен шатастырып, әр түрлі пікірлер жазып жатыр.

Оқу үшін