Аида Балаева: Сөз бостандығы цензура емес, жауапкершілік талап етеді

Фото: Nofake.kz
Премьер-министрдің орынбасары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі референдумда дауыс берді. Ол ашық қоғамдағы этика, жеке өмірге қол сұқпау және жаңа Конституциядағы ғылым мен мәдениеттің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министр Қазақстанда пікір еркіндігіне ешқандай шектеу жоқ екенін, алайда әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін атап өтті.
Ашық қоғам және сөз бостандығы
Министрдің айтуынша, 1995 жылмен салыстырғанда еліміздің ақпараттық кеңістігі түбегейлі өзгерді. Қазір әрбір азамат әлеуметтік желі арқылы өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндік алды.
«Біз отандық сөз бостандығы дегенмен, осы жауапкершілік деген ұғымды бірге пайдалануымыз керек. Ешқандай да сөз бостандығы деп бір адамның намысына тиюге, оның жеке өміріне қол салуға, я болмаса ұлтты, этносты кемсітуге жол бермеуіміз керек. Бұл жерде ешқандай шектеу болмайды, цензураға жол бермейміз», — деді Премьер-министрдің орынбасары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Жаңа белес: Ғылым мен инновация
Министр референдум арқылы қабылданатын өзгерістер ел дамуының жаңа деңгейіне жол ашатынына сенімді. Оның пайымдауынша, жаңа құжатта маңызды басымдықтар – ғылым мен инновация, мәдениет, тәуелсіздікке айрықша көңіл бөлінген.
Аида Балаева өз сөзінде лауазымдық қызметтен гөрі елге тигізер пайданың маңыздылығын алға тартты. Ол қандай қызметте болса да, барлық күш-жігері мен тәжірибесін мемлекеттің дамуына жұмсайтынын жеткізді.
Министр қазақстандықтардың референдумға белсенді қатысуын жоғары бағалап, бұл халықтың саяси көзқарасы қалыптасқан ашық қоғамның жарқын көрінісі екенін айтты.


