Дипфейктер: алаяқтар технологияларды алдау үшін қалай пайдаланады

Фото: Freepik.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар ЖИ технологияларын азаматтарды алдауда қалай пайдаланатынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Дипфейк – бұл жасанды интеллект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудио материал. Мұндай технология адамның бейнесін немесе дауысын қолдан жасап, оған шын мәнінде айтпаған сөздерді “айтқызуға” мүмкіндік береді», – деп түсіндірді агенттік.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар мұндай технологияларды банктік шоттарға қол жеткізу, жалған несие рәсімдеу немесе азаматтардың жеке деректерін алу үшін пайдаланады. Кейде қаскөйлер бірнеше секундтық аудио немесе бір ғана бейне арқылы жалған дауыс пен бейне жасап, адамдардың сеніміне кіруге тырысады.
Сондай-ақ алаяқтар жалған дауыс арқылы «туыстарынан», «басшыларынан» немесе «банк қызметкерлерінен» қоңырау шалып, шұғыл ақша аударуды талап етуі мүмкін. Бұдан бөлек, интернетте танымал адамдардың немесе мемлекеттік орган өкілдерінің бейнесін пайдаланып жасалған жалған жарнамалар да жиі кездеседі.
«Егер жақын адамыңыз немесе танысыңыз шұғыл ақша сұрап хабарласса, әңгімені тоқтатып, оған өзіңіз қайта қоңырау шалған дұрыс. Осылайша оның шынымен өзі хабарласқанын тексеруге болады», – деп кеңес береді агенттік мамандары.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қаржы ұйымдарының клиенттеріне қашықтан қызмет көрсету кезінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында биометрияны пайдалана отырып екі факторлы аутентификация енгізілген. Бұл шаралар азаматтардың деректерін қорғауға және алаяқтық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.


