NoFake

KazLLM-ді көпшілік пайдалана ала ма: мифтерді сейілтеміз 

Фото: depositphotos

Ел арасында KazLLM жайлы түрлі пікір қалыптасқан. Көпшілік оны GPT-мен шатастырса, енді бірі оның қай салада, қалай қолданылатынын біле бермейді. Nofake.kz KazLLM-ге қатысты мифтерді түсіндіріп көрді.

KazLLM — LLM ағылшын тілінен аударғанда «Large language modul» деп аударылады, яғни үлкен тілдік модель деген мағынаны білдіреді. Ал, біздің жағдайда үлкен қазақ тілі моделі деген мағынаны білдіреді. KazLLM-ді 2024 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) жасап шығарған. KazLLM фундаменталды модель болып саналады. Ол жасанды интеллекттің негізгі қозғалтқышы, бірақ дайын жаһандық өнім емес. Осы ретте, KazLLM және оған қатысты мифтерді анықтап көрдік.

  1. KazLLM көпшілік қолдана алмайды

Халық арасында KazLLM (ред. Kazakh Large language model) үлкен есептеу инфрақұрылымды талап етеді, сол себепті оны көпшілік мүлдем пайдалана алмайды деген ұғым қалыптасқан. Расымен де ірі модельдер мен жүйелерді ауқымды түрде оқыту мен орналастыру үшін үлкен дерек орталықтары қажет. Бірақ бұл дегеніміз, олар мүлдем қолжетімсіз дегенді білдірмейді. Қазақстандағы жаңа суперкомпьютерлерде (мысалы, AlemCloud, Al-Farabium кластерлері) осындай модельдер іске қосылса, онда ол адамдарға қолжетімді болады деген сөз. 

  • KazLLM қолданысқа мүлдем енгізілмеген

Мамандар бұл ақпараттың да жалған екенін айтады. 2024 жылдың соңында Назарбаев Университеті Astana Hub-қа KazLLM моделін орналастыру үшін айрықша лицензия берген. Осылайша, мұнда жаңа буындағы AlemLLM моделі жасалған. Бүгінде AlemLLM қазақ, орыс және аралас тілдерді өңдеуге қабілетті болып отыр. 

  • KazLLM қателерді түзетуге қабілетсіз

Генеративті модельдер кейде қате жіберуі мүмкін, бірақ KazLLM-нің қателіктерді түзету мен жауаптардың нақтылығын арттыру мүмкіндіктері бар. Бұл үшін дерекқордан ақпарат алу, веб іздеу, пайдаланушылардың кері байланыс жинау сияқты түрлі механизмдер қолданылады. Модельдер нақты уақыт режимінде пайдаланушы әрекеттеріне негізделген қателіктерді анықтап, олардың тиімділігін арттыра алады.

  • KazLLM тек жоғары білікті мамандарға ғана түсінікті

KazLLM негізіндегі технологиялар қарапайым пайдаланушыларға да қолжетімді. Көптеген коммерциялық қызметтер мен жеке ЖИ агенттері пайдаланушылардың кері байланысы арқылы жаңартылып, пайдаланушы тәжірибесін жақсартады. Одан бөлек, әрбір пайдаланушының сұрақтары, тапсырмалары мен бағалауы модельдің жұмысын тиімдірек етуге көмектеседі.

  • ЖИ, оның ішінде KazLLM білім беру мен еңбек нарығына теріс әсер етеді.

Бұл мифке де еш негізі жоқ. Шындығында, KazLLM сияқты технологиялар білім беру мен еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар түрлі кәсіби салаларды автоматтандырып, халықтың білім деңгейін арттыруға, ғылыми зерттеулерге және экономикаға оң әсерін тигізуі мүмкін. Қазақстандағы бұл технологияларды дұрыс қолдану елдің экономикалық және технологиялық дамуында үлкен рөл атқара алады.

  • KazLLM қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды.

Мұндай ұғым да қате деп айтуға толық негіз бар. ЖИ-дің дамуымен бірге, оның қауіпсіздігі мен этикалық мәселелері бойынша тиісті бақылау шаралары енгізілуі қажет. KazLLM сияқты жүйелер арнайы адам араласуынсыз жұмыс істей алмайды, сондықтан оларды сенімді әрі қауіпсіз пайдалану үшін, оны көптеген нормативтік талаптарға сәйкес жүргізу қажет.

  • KazLLM Қазақстанға қатысты мәліметтерді қамтымайды.

KazLLM моделін тиімді пайдалану үшін Қазақстан мен қазақ тілінде көп қоғамдық деректер қажет. Қарапайым азаматтар қазақ тіліндегі ақпаратты жасап, жергілікті және халықаралық ЖИ модельдеріне үлкен үлес қосуы мүмкін. Мысалы, Wikipedia сияқты ақпараттық платформаларда Қазақстан туралы деректер жасау немесе жергілікті ЖИ модельдеріне (Oylan, MangiSoz) кері байланыс беру осы технологиялардың дамуына айтарлықтай көмектеседі.

KazLLM және жалпы жасанды интеллект саласындағы мифтерді түсіну арқылы, біз оның әлеуетін толық ашып, дұрыс әрі тиімді пайдалана аламыз.

Айта кетейік, бұған дейін KazLLM-нің не екенін және қай салада пайдаланылатыны туралы материал жариялаған болатынбыз.

Оқу үшін