NoFake

Павлодар облысында «өте қауіпті дауыл болады» деген ақпарат – жалған

Фото: azh.kz

Төтенше жағдайлар департаменті Павлодар облысында 12 наурыздан бастап аса қауіпті дауыл болатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 12 наурыз күні сағат 14:00-ден бастап Павлодар облысында «өте қауіпті дауыл» болады деген хабарлама тараған. Онда тұрғындарға елді мекендерден шықпау, балаларды үйде ұстау, телефондарды зарядтау, су мен азық-түлік дайындау, терезелерді жабу және электр желілеріне жақындамау туралы кеңестер берілген.

ТЖ департаменті не дейді?

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті аталған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

«Тұрғындардан сабыр сақтауды және мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына ғана сенуді сұраймыз. Тексерілмеген хабарламаларды таратпауларыңызды және дүрбелеңге берілмеулеріңізді өтінеміз», – делінген өңір тұрғындарына арналған ресми үндеуде.

Синоптиктердің мәліметінше, 12 наурыз күні Павлодар облысында қар мен боран күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетіп, облыстың оңтүстігі мен батысында екпіні 23–28 м/с болуы мүмкін. Ал Павлодар қаласында да 12 наурызда қар, боран және желдің екпіні 15–20 м/с дейін күтіледі.

Мамандар тұрғындарды ауа райына байланысты сақтық шараларын сақтауға және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтөбе қаласында «маньяк» жүр деген жалған ақпарат тараған болатын.

Оқу үшін