NoFake

Рөлде телефон ұстағандарды дрондар қалай тіркейді — ІІМ түсіндірді

Фото: Polisia.kz

12 наурыздан бастап рөлде телефон ұстағандарды дрондар мен камералар автоматты түрде тіркейді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұрын рөлде телефонмен сөйлесуді тек полиция инспекторы көзбен көріп, тоқтатқан жағдайда ғана айыппұл салынатын. Енді бұл процесс толықтай автоматтандырылды.

«12 наурыздан бастап ӘҚБтК-нің 31-бабына сәйкес, құқық бұзушылықты автоматты режимде анықтауға және тіркеуге мүмкіндік беретін техникалық бақылау құралдары қолданыла бастайды», — делінген ІІМ редакциямызға жіберген хабарламасында.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 591-бабына сәйкес рөлде телефон ұстау заңбұзушылығы енді тек стационарлық камералармен емес, сонымен қатар дрондармен де тіркеледі.

Дрондар мен интеллектуалды жүйелер қалай жұмыс істейді

ІІМ мәлімдемесінде көрсетілгендей, жаңа техникалық құралдар, яғни дрондар мен мобильді кешендер, жүргізушінің әрекетін жоғарыдан және жан-жақтан бақылайды.

Егер дрон немесе камера жүргізушінің қолында телефон барын, сөйлесу немесе хат жазуды анықтаса, жүйе оны бірден суретке түсіріп, базаға жолдайды. Яғни мұндай жол ережесін бұзу автоматты түрде анықталады.

«Егер құқық бұзушылық автоматты режимде заңның 31-бабына сәйкес анықталса, шешім ескерту немесе айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама (предписание) түрінде ресімделеді», — делінген ІІМ хабарламасында.

Айыппұл мөлшері қандай

Көлік жүргізіп келе жатып, телефон қолданған жүргізушілерге айыппұл көлемі: 5 АЕК (18 460 теңге), жол ережесін қайталап бұзған жағдайда төленетін айыппұл сомасы – 10 АЕК (36 920 теңге).

Телефонды қалай қолдануға рұқсат

 ІІМ-нің ресми түсініктемесі мен қолданыстағы «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабына сәйкес, көлік тізгінінде телефонды тек «қолмен ұстамау шартымен» қолдануға болады. Яғни байланыс құралын құлаққа тақамай, көліктің аудиожүйесі (Bluetooth) арқылы сөйлесу, сымды немесе сымсыз құлаққаптар арқылы сөйлесу, құрылғыны панельдегі немесе шыныдағы ұстағышқа қойып,  «дауысын шығарып» сөйлесуге тыйым салынбаған.

Оқу үшін