NoFake

Зейнетақы қорындағы қаржыңызды аннуитет арқылы қалай алуға болады

Фото: depositphotos

Ең төменгі жеткілікті шектен асатын соманы кімдер, қалай ала алады және оны зейнетақы аннуитеті арқылы қалай алуға болады? Nofake.kz. тақырыпты зерттеп көрді.  

Әлеуметтік желіде БЖЗҚ-дан ең төменгі жеткілікті шектен асатын сома болмаса да, ондағы қаражатты алуға болатыны жайлы бірнеше видео тарады. Осыған орай, редакция тілшілері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандарымен тілдесіп көрді.

Айтуларынша, ҚР «Әлеуметтік кодексінің» 220 бабына сәйкес, зейнетақы жинақтарын алу Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде нақты белгіленген жағдайларда ғана мүмкін.

“Заңда көрсетілген талаптар сақталған жағдайда зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге (ред. қазіргі таңда бұл санат бойынша жинақты алу мүмкіндігі тоқтап тұр) алуға мүмкін болатын», — деді ведомство өкілдері. 

Жинақты кімдер пайдалана алады?

Қор мәліметінше, ең төменгі жеткілікті шектен асатын соманы келесі азаматтар пайдалана алады:

  • жинағы ең төменгі жеткілікті шектен асатын салымшылар;
  • зейнеткерлер, егер олардың зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құраса;
  • еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққан азаматтар;
  • зейнетақы аннуитеті шартын жасаған салымшылар.

Соңғы жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударып, аннуитет шартын жасайды. Осыдан кейін БЖЗҚ шотында қалған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға мүмкіндік бар.

Инфографика: NoFake.kz

Зейнетақы аннуитеті деген не?

Зейнетақы аннуитеті — сақтандыру компаниясымен жасалатын шарт. Оның аясында азамат зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін сақтандыру ұйымына аударады, ал компания өз кезегінде белгіленген жастан бастап оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отырады. Нарықта мұндай қызметті бірнеше сақтандыру компаниясы ұсынады, сондықтан шарт талаптары әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін.

Аннуитетті кімдер жасай алады?

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін азаматтар:

  • зейнетақы жарналары есебінен жеткілікті соманы жинауы керек;
  • белгілі бір жасқа жетуі тиіс.

Мысалы, міндетті зейнетақы жарналары есебінен аннуитет шартын 45 жастан бастап жасауға болады. Ал төлемдерді ер адамдар 55 жастан бастап, әйелдер кезең-кезеңімен 55 жасқа дейін ала бастайды.

Төлемдер қалай жүргізіледі?

Зейнетақы жинақтары сақтандыру компаниясына аударылғаннан кейін азаматтарға ай сайынғы төлемдер жүргізіледі. Бұл төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70%-ынан төмен болмауы тиіс. Қазақстанда 2026 жылы төменгі күнкөріс деңгейі — 50 851 теңгені құрайды. Егер аннуитетті екі адам бірге рәсімдесе, төлем мөлшері 1,4 еселенген күнкөріс деңгейіне дейін ұлғаюы мүмкін.

Егер сіз міндетті немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақ жинап, зейнетақы аннуитеті шартын жасасаңыз, онда зейнетақы шотыңызда қалған қаражатты пайдалана аласыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, оны басқа аннуитет шартын жасауға, сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға болады.

Оқу үшін