Көкшетауда телефон алаяқтығына арналған SIM-бокс құрылғысы тәркіленді

Фото: Ақмола облысының киберполициясы
Көкшетауда виртуалды нөмірлерді тіркеуге арналған арнайы құрылғыны пайдаланған екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Көкшетауда киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері виртуалды абоненттік нөмірлерді тіркеу үшін құрылғыны пайдаланды деп күдікке ілінген екі ер адамды анықтап, ұстады. Олар SIM-бокс деп аталатын арнайы жабдықты қолданған», – деп хабарлады Ақмола облысының киберполициясы.
Полиция мәліметінше, SIM-бокс құрылғысы нақты телефон нөмірлерін отандық байланыс операторларының нөмірлеріне ауыстыруға мүмкіндік береді. Мұндай технологияны алаяқтар көбіне телефон арқылы жасалатын алаяқтық схемаларда пайдаланады.
«Күдіктілер аталған жабдықты пайдаланып, ел тұрғындарына құқық қорғау органдарының, Ұлттық Банктің, коммуналдық қызметтердің және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде қоңырау шалуды жоспарлаған. Осындай тәсіл арқылы алаяқтар азаматтарды шатастырып, олардың жеке деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын алуға немесе ақша аударуға мәжбүрлеуге тырысады»,-делінген хабарламада.
Алайда киберполицейлер жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз әрекеттер дер кезінде тоқтатылды. Тәркіленген жабдық алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланылып үлгермеген. Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ ықтимал қосымша эпизодтар мен осы әрекетке қатысы бар басқа адамдар анықталып жатыр.
Мемлекеттік органдар мен банктердің қызметкерлері телефон арқылы құпия деректерді, парольдерді немесе SMS-кодтарды сұрамайтынын еске саламыз. Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар.


