Астана тұрғыны дропперлік үшін жауапқа тартылды

Фото: freepik.com
Астанада бұрын танысына банктік шоттарын берген тұрғын дропперлік үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оның шоттары алаяқтық арқылы жымқырылған қаражатты шығару үшін пайдаланылған.
«Елорда тұрғыны бұрын таныс адамға 43 705 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін өзінің үш банктік шотын заңсыз түрде берген. Кейіннен аталған шоттар алаяқтық нәтижесінде жәбірленушіден жымқырылған 195 мың теңге көлеміндегі қаражатты шығару үшін пайдаланылған», – деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасында.
Ведомство мәліметінше, дроппер – бұл ақшалай сыйақы немесе өзге де мүдделілік үшін үшінші тұлғаларға қаржылық операцияларды жүзеге асыру мақсатында өзінің банктік шоттарын немесе жеке деректерін ұсынатын тұлға.
Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 80 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыруға қатысты жаңа қылмыс құрамы енгізілген. Аталған құқық бұзушылық үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.


