NoFake

Астанада танысу сайттары арқылы алаяқтық жасаған үш қызға үкім шықты

Фото: depositphotos

Астанада танысу сайттары арқылы алаяқтық жасаған үш қызға сот үкімі шықты. Олар жалған пәтер жалға беру схемасы арқылы ондаған адамды алдаған, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Сот үкімімен айыпталушылардың кінәсін мойындауы және келтірілген материалдық залалды өтеуі ескеріліп, үш қызға 3 жылдан 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оларға пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қолданылды», – деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.

Тергеу мәліметінше, бір топ қыздар алаяқтық схема ұйымдастырып, танысу сайттары арқылы жәбірленушілермен танысқан. Кейін қарым-қатынасты жалғастыру үшін жалға алынған пәтерде кездесуді ұсынған.

Сондай-ақ олар интернетте пәтерді тәулікке жалға беру туралы хабарландырулар орналастырып, тартымды интерьері бар пәтерлердің фотосуреттерін жариялаған. Жәбірленушілерден алдын ала төлем ретінде ақша аударуды сұраған.

Осылайша олардың әрекетінен 45-тен астам адам зардап шегіп, жалпы сомасы шамамен 620 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Ақшаны алғаннан кейін күдіктілер жәбірленушілермен байланысын үзіп, олардың нөмірлерін бұғаттап отырған.

Қала прокуратурасының мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енген.

Оқу үшін