NoFake

Жұмыстан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді кімдер және қашан ала алады 

Фото: Freepik.com

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ азаматтардың жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемге кімдер құқылы екенін түсіндірді. 

Ведомствоның хабарлауынша, жұмыстан айырылған жағдайда, төлем төлеу бағдарламасы 2003 жылғы 25 сәуірдегі №405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген. 

«Жүйенің қаржылық ресурстары қызметкерлер үшін жұмыс берушілер төлейтін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың өздері үшін төлейтін әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптасады. Әлеуметтік аударым мөлшері табыстың 3,5%-ын құрайды, бірақ ол ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінен кем және жеті еселенген мөлшерінен артық болмауы тиіс», — деп түсіндірді ведомство мамандары.

Төлемді кімдер ала алады? 

Қор ұсынған мәліметтерге сәйкес, қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің бір түрі — жұмысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлем. Ведомство мамандары МӘСҚ-тан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға, жұмыстан босатылу себебіне қарамастан тағайындалады. 

«Оны тағайындаудың негізгі талаптарының бірі – осы жүйеге қатысатын азаматтардың ҚР Әлеуметтік кодексінің 99-бабына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелуі болып саналады. Сонымен қатар, төлем тағайындалу үшін МӘСҚ-қа кемінде 6 ай әлеуметтік аударымдар түсуі тиіс және жұмыссыз ретінде тіркелген айдың алдындағы соңғы 24 күнтізбелік ай ішінде әлеуметтік аударымдардың болуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік төлемді тек МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жасаған қатысушылар ғана ала алады», — деді мамандар.

Жұмысынан айырылған азаматтар қайда көмекке жүгіне алады?

Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін, азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталына жұмыс іздеуші ретінде өтінішті тіркеп, мансап орталығына тапсырады.

«Егер орталық азаматты жұмыссыз ретінде тіркесе, өтініш берушіге МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындау туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Осылайша ол SMS-хабарламаға келісімін жіберген жағдайда, төлем проактивті форматта автоматты түрде тағайындалады», — деп түсіндірді қор мамандары.

Сонымен бірге, ведомство өкілдері егер азамат орталықта жұмыссыз ретінде тіркеліп, SMS-хабарлама алмаса, онда ол әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішті egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, жеке куәлігімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жүгіну арқылы бере алатынын атап өтті. 

Жәрдемақы мөлшері қалай есептеледі және ол қанша уақыт төленеді?

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мәліметінше, ҚР Әлеуметтік кодексінің 118-бабына сәйкес, әлеуметтік төлемнің мөлшері орташа айлық табысты табысты алмастыру коэффициентіне және жүйеге қатысу өтілі коэффициентіне көбейту арқылы анықталады.

«Бұл ретте орташа айлық табыс жұмыссыз ретінде тіркелген айдың алдындағы соңғы 24 күнтізбелік айдаМӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстардың жалпы сомасын 24-ке бөлу арқылы есептеледі», — деді мамандар.

Табысты алмастыру коэффициенті барлық қатысушылар үшін 45% мөлшерінде белгіленген.

Жүйеге қатысу өтілі коэффициенті:

  • 6 айдан 12 айға дейін – 0,7;
  • 12 айдан 24 айға дейін – 0,75;
  • 24 айдан 36 айға дейін – 0,85;
  • 36 айдан 48 айға дейін – 0,9;
  • 48 айдан 60 айға дейін – 0,95;
  • 60 айдан 72 айға дейін – 1,0;
  • 60 айдан көп болған жағдайда – әрбір 12 ай үшін 0,02 қосылады, бірақ 1,3-тен аспайды.

Осылайша, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әр қатысушы үшін жеке есептеледі және соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.

Әлеуметтік төлем келесі мерзімдерге тағайындалады:

  • 1 айға – жүйеге қатысу өтілі 6 айдан 12 айға дейін болса;
  • 2 айға – өтілі 12 айдан 24 айға дейін болса;
  • 3 айға – өтілі 24 айдан 36 айға дейін болса;
  • 4 айға – өтілі 36 айдан 48 айға дейін болса;
  • 5 айға – өтілі 48 айдан 60 айға дейін болса;
  • 6 айға – өтілі 60 ай және одан көп болған жағдайда.

Сондай-ақ, ҚР Әлеуметтік кодексінің 99-бабының 4-тармағына сәйкес, азаматтар жұмысқа тұрғаны туралы мәліметті 5 жұмыс күні ішінде мансап орталығына ұсынуға міндетті.

«Яғни төлемді алушылар 10 жұмыс күні ішінде төлемді тоқтатуға негіз болуы мүмкін жағдайлар туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне хабарлауы тиіс», — деді мамандар.

Ақпараттық жүйелерден келіп түскен мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік төлем жүйе қатысушысы мансапорталығы тарапынан жұмыссыз ретінде есептен шығарылған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады. 

Оқу үшін