NoFake

Катарда соғыс жайлы жалған ақпарат таратқан 300-ден астам адам ұсталды

Фото: depositphotos

Катарда соғысқа қатысты жалған әрі жаңылыстыратын ақпарат таратты деген күдікпен 300-ден астам адам қамауға алынды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп жазды Qatar News Agency.

Катар ІІМ мәліметінше, «жалған немесе жаңылыстыратын ақпаратты түсіру, тарату және жариялау» фактілері бойынша әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын 313 адам ұсталған.

«Қылмыстық тергеу бас басқармасына қарасты Экономикалық және киберқылмыстардың алдын алу департаменті түрлі ұлт өкілдерінен тұратын 313 адамды ұстады. Олар рұқсатсыз бейнероликтер түсіріп, тарату, жаңылыстыратын ақпарат пен қауесет жариялау және қоғамда алаңдаушылық тудыруға бағытталған контент тарату фактілері бойынша ұсталды», – деп хабарлады Катардың Ішкі істер министрлігі.

Билік өкілдерінің айтуынша, қарулы қақтығыс кезеңінде елдегі жағдай туралы мәліметтер бұрмаланып, шынайы емес түрде жарияланған.

Аймақтағы шиеленіс басқа Таяу Шығыс елдеріне де әсер еткен. Соңғы күндері Иранның жауап шабуылдары кезінде Катар, БАӘ, Иордания, Бахрейн, Кувейт және Сауд Арабиясындағы бірнеше америкалық радиолокациялық жүйе зақымданған. Бұл АҚШ пен оның одақтастарының Иран зымырандарын бақылау мүмкіндігін айтарлықтай төмендеткені айтылды.

Еске салайық, 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иранға қарсы «Арыстанның айбаты» атты операция жүргізіп жатыр. Тегеран бұған жауап ретінде, ең алдымен, АҚШ әскери базалары орналасқан көрші елдердің аумақтарына соққы жасауды бастаған.

Оқу үшін