Тараз тұрғыны «қарақшылық шабуыл» туралы жалған хабарлама жасаған

Фото: pexels.com
Тараз тұрғыны үйіне қарулы қарақшы кірді деп полицияға хабарлаған. Тексеру кезінде шабуыл болмағаны, ал әйелдің бұл оқиғаны өзі ойлап тапқаны анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Тексеру барысында азаматшаның берген мәліметтері расталмады. Анықталғандай, ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуіне айтпай сатып жіберген. Осы жағдайды жасыру мақсатында қарақшылық шабуыл туралы жалған хабарлама берген», – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.
Әйел адамның айтуынша, бетперде киген белгісіз ер адам үйіне кіріп, қарумен қорқытқан, қолдарын байлап, алтын әшекейлері мен ақшасын алып кеткен.
Ауыр қылмыс туралы хабарламадан кейін полиция қызметкерлері шұғыл түрде тексеру жұмыстарын бастап, жедел қызметтер жұмылдырылды. Тергеу және іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Алайда көп ұзамай оқиғаның мүлде болмағаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта қылмыс туралы көрінеу жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеу амалдары басталды.


