Щучинскідегі өрт құрбандарының саны 11 адамға жетті

Фото: Ақмола облысы ТЖД
Ақмола облысында Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жарылыстан зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы дүйсенбі, 9 наурыз күні өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлімдеді. Дәрігерлер барлық мүмкіндікті қолданғанымен, науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын айтты. Олар өте ауыр жағдайда болған.
«8 наурыз күні зардап шеккендердің бірі “Авиценна-Бурабай” стационарының жансақтау бөлімінде көз жұмды. 9 наурызда Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханада ем алып жатқан тағы бір науқас қайтыс болды. Дәрігерлер басқа зардап шеккендердің өмірі үшін күресті жалғастырып жатыр. Оларға барлық қажетті кадрлық және техникалық ресурстарды тарта отырып толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде», – деді облыстың бас дәрігері.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26-сынан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде орын алды. Газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан жеті адам қаза тапқан: олардың бесеуі оқиға орнында, тағы екеуі ауруханада көз жұмған. Бірнеше күннен кейін тағы екі зардап шегуші қайтыс болды.
Енді жарылыстың ауыр салдарын көтере алмаған тағы екі науқастың көз жұмғаны белгілі болды. Осылайша, қайғылы оқиға құрбандарының жалпы саны 11 адамға жетті.


