Шетелде жұмысқа тұру: алаяқтардың арбауына қалай түспеу керек
Сарапшылар Қазақстан азаматтарының шетелде жұмысқа тұруға қай елдерді жиі таңдайтынын әрі онда алаяқтар арбауына түспеу жолдарын түсіндірді.
2025 жылдың қыркүйек айындағы деректерге сәйкес, шетелде шамамен 157 мың қазақстандық азамат жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі Ресейге, ЕАЭО елдеріндегі жеңілдетілген миграциялық режимге байланысты жұмыс істеуге барады. Одан кейін, Оңтүстік Корея, Польша мен Ұлыбритания тұр. Бұл елдерде жұмыс істеуге деген сұраныстың артуына байланысты, делдалдық қызметтер де көбейген. Әлеуметтік желілерде «шетелде жұмыс» деген жарнамалармен көптеген тартымды аккаунттар пайда болса да, олардың қатарында алаяқтық схемалар да бар екенін ұмытпаған жөн.
Жұмысқа орналасу кезінде неге сақ болу керек?
Виза сарапшысы Төлеугүл Мұсабаеваның айтуынша, рекрутингтік агенттігін таңдағанда өте сақ болу қажет.
«Ресми агенттіктер жұмысқа орналасқаннан кейін ғана төлем талап етеді. Қауіпті белгілерге өте тиімді шарттарды ұсыну, паспортты ұстап қалу немесе жұмыс келісімінсіз визаны алу үшін үлкен сомаларды талап ету жатады», — деді ол.
Оның сөзінше, шетелге жұмысқа тұру барысында тек лицензиясы бар компаниялардың көмегіне жүгіну керек. Оның өзінде компанияның нарықтағы беделін, ресми құжаттардың болуын тексерген жөн.
Полицияға қашан жүгіну керек?
Құқық қорғаушы Назар Абинов болса, ондайда компания келісімшартын мұқият оқып шығуға кеңес береді. Келісімнің ішінде агенттіктің міндеттемелерін орындамауы туралы жауапкершілік баптары болуы тиіс. Сондай-ақ, егер алаяқтыққа күдік туындаса, келісімді бұзу немесе ақшаны қайтару туралы құжаттарға қол қоймай, дереу полицияға өтініш жазу керек, дейді ол.
«Маған осындай мәселемен көптеген клиенттер хабарласқан. Олардың бірінде «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақшаны қайтарып алу мүмкін болмады, компания директоры шетелге қашып кетті», — деді ол.
Заңгер тағы бір кең таралған схемамен бөлісті: агенттіктер клиенттерге қызметтен өздері бас тартқандай болып өтініш жазуға, сосын ақшаны қайтаруды сұрайды. Осы арқылы компания істі қылмыстық істен, азаматтық-құқықтық іске ауыстырады, дейді маман.
«Егер алданғаныңызды сезсеңіз, келісімшартты бұзу немесе ақшаны қайтару туралы құжаттарға қол қоймаңыз. Дереу полицияға өтініш жазу керек», — деп атап өтті ол.
Зардап шеккендердің айтуынша, мұндай делдалдардың қызмет құны жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге жетуі мүмкін, ал компаниялар ақшаны алғаннан кейін жиі атын және кеңсесін ауыстырып тастайды.
Жұмысқа қалай қауіпсіз орналасуға болады?
Мамандар шетелде жұмыс істеу үшін елшіліктермен алдын ала байланысып, сол елдегі жұмысқа орналасу ережелері туралы ақпарат алуға кеңес береді. Қазақстан бірнеше елдермен, мысалы, Катармен еңбек миграциясы туралы келісімдер жасаған.
Егер жұмыс беруші табылса, міндетті сұхбат өткізіп, еңбек келісімшартын жасау керек. Бұл келісімшарттың бір данасын өзіңізде сақтап, еңбек шарттары, жалақы мөлшері, тұру шарттары және медициналық сақтандыруды мұқият тексеріңіз. Қажет болса, тәуелсіз заңгермен кеңес алыңыз.
«Жұмыс визасын алу керек екенін ұмытпаңыз, өйткені жұмыс визасы — елге заңды түрде кіруге және жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. Оның болмауы заңсыз еңбек етіп жүр деген түсінік береді, бұл айыппұл, депортация немесе елге кіруге тыйым салумен аяқталуы мүмкін», — деді маман.
Жұмысты өзіңіз қалай іздейсіз?
Жұмысты делдалдарсыз да табуға болады. Халықаралық платформалар, мысалы, Indeed, Monster, Glassdoor сияқты сайттар мен LinkedIn кәсіби желісі арқылы жұмыс іздеуге болады. LinkedIn негізінен жоғары біліктілікті мамандарды іздеуге бағытталған, ал Indeed маусымдық жұмыстарды іздейтіндер үшін қолайлы. Сондай-ақ, тікелей компанияларға хат жазып, өз біліктілігіңізді және тіл білу деңгейіңізді көрсету жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
Сапарға шықпас бұрын төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:
- Құжаттардың екі данасын жасаңыз (паспортыңыз, визалар, куәліктер).
- Бір данасын өзіңізбен алып барыңыз, екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз.
- Жақындарыңызға тұратын жеріңіз бен жұмыс берушінің байланыс деректерін хабарлаңыз.
- Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің және еңбек мигранттарына көмек көрсететін ұйымдардың телефон нөмірлері мен байланыс деректерін жазып алыңыз.
- Паспортты ешқашан бөтен адамдарға бермеңіз.
Еңбек мигранттарына көмек көрсететін ұйымдардың байланыс деректерін migration.enbek.kz порталынан таба аласыз.
Сондықтан шетелде жұмыс істеуге дайындалған кезде барлық мүмкін болатын қауіптерді ескеріп, сенімді ақпарат көздерінен тексеріп, алаяқтардың арбауына түспеу үшін алдын-ала сақтық шараларын қабылдаңыз.


