Free Fire ойнаған шымкенттік жасөспірімді алаяқтар қомақты сомаға алдаған

Фото: depositphotos
Түркістан облысында Free Fire онлайн ойыны арқылы жасалған алаяқтық дерегі анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Осындай жағдайдың құрбаны болған тұрғын Жетісай аудандық полиция бөліміне арызданған. Ойын барысында бейтаныс адам жасөспірімді алдап, оның туысының банк картасынан 380 мың теңгені заңсыз шешіп алған.
«Жәбірленушінің кәмелетке толмаған туысы телефоннан Free Fire ойынын ойнап отырған кезде оған бейтаныс адам байланысқа шыққан. Күдікті ойын барысында түрлі «бонус» пен «ұтыс» уәде етіп, жасөспірімнен банк картасының деректерін және телефонға келген SMS-кодты сұрап алған. Соның салдарынан жәбірленушінің есепшотынан 380 мың теңге шешілген»,-деп мәлімдеді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Шәкім Ермек.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция 20 жастағы Шымкент қаласының тұрғынын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Күдіктіден алаяқтыққа пайдаланылған бес телефон тәркіленді. Киберпол қызметкерлері күдіктінің ойын арқылы 60-тан астам жасөспіріммен байланысқа шығып, олардың 20-дан астамынан ақша алғанын анықтады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.


