NoFake

Жаңа Конституция жобасында жеке деректерді қорғау күшейтіледі – Министр

Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасында жеке өмірге қол сұқпау құқығын күшейтетін нормалар енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Бүгін баршамызға тікелей қатысты маңызды бір нормаға назар аударғым келеді. Өйткені жеке өмірге қол сұғықпау құқығы мәселесі көпшілік үшін аса маңызды. Бұл туралы жаңа Конституция жобасының 21-бабында көрініс тауып отыр. Қазіргі Конституцияның 18-бабында бұл құқықтың негізгі кепілдіктері бұрыннан бекітілген. Атап айтқанда, әркімнің жеке және отбасылық құпиясына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, банктік салымдарының, хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесулерінің және өзге де хабарламаларының құпия сақталуына құқығы бар. Осы нормалар ұзақ жылдар бойы адамның негізгі жеке құқықтарының берік іргетасы болып келеді»,-деп пікір білдірді министр әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Министрдің сөзінше, жаңа Конституция жобасы заман талабына сай жаңартылып, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап береді.

«Жобаға енгізілген 21-бапта жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы нақты бекітілген. Бұл норма цифрлық технологияларды қолдану жағдайларын да қамтиды. Сонымен бірге мұндай қорғаныс заңмен кепілдендірілетіні арнайы атап көрсетілген. Бұл маңызды өзгерту адамның цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғаудың конституциялық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар жоба мәтінінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын банктік операциялардың, хат алмасудың және өзге де хабарламалардың құпиясы қорғалатыны да нақты көрсетілген. Тағы бір маңызды жайт – үшінші тармақта «азамат» емес, «әр адам» деген ұғым қолданылған. Бұл құқықтық кепілдіктердің аясын кеңейтіп, олардың жан-жақты сипатын күшейтеді»,-деді Аида Ғалымқызы.

Жаңа Конституция жобасы қолданыстағы құқықтарды сақтай отырып, оларды заманауи талаптарға сай толықтырады және адам құқықтарын офлайн әрі цифрлық кеңістікте қорғауды күшейтуді көздейді.

Оқу үшін