NoFake

Ирандағы шиеленіс Орталық Азия үшін қауіптен гөрі мүмкіндік — Саясаттанушы

Коллаж: NoFake.kz

NoFake.kz тілшісі Ирандағы шиеленістің Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға ықпалы қандай болуы мүмкін және жаһандық өзгерістер кезеңінде дипломатиялық саясатты қалай жүргізу керек деген мәселені өзбекстандық саясаттанушы Рафаэль Саттаровпен талқылады.

-Рафаэль мырза, Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы аймақ елдеріне, соның ішінде Парсы шығанағындағы монархияларға айтарлықтай әсер ете бастағаны байқалады. Осы орайда, егер бұл қақтығыс бұдан ары өршіп, ауқымы кеңейе түссе, Орталық Азия елдерінің әскери, экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігіне қаншалықты деңгейде қатер төнуі мүмкін?

-Меніңше, бұл жағдай Орталық Азия қауіпсіздігіне қатты әсер етеді деген әңгімелер тым асыра сілтегендік. Таяу Шығыста бұдан да ауқымды оқиғалар болды, олар аймақтың саясатынан бастап экономикасына дейін бәрін астаң-кестең етті. Тіпті сол жойқын оқиғалардың өзі әлеуметтік желілердегі эмоционалды фоннан бөлек, біздің аймаққа ешқандай тікелей әсерін тигізген жоқ. Мәселен, «Араб көктемі» Орталық Азия елдеріне мүлдем ықпал еткен жоқ.

Тек Орталық Азияның барлық елдерінде кез келген сынды немесе оппозицияны революциялық оқиға, ал оны білдірушілерді әлеуетті революционерлер деп қабылдай бастаған арнайы қызметтердің паранойясы күшейгенін айтпағанда, бұдан басқа бұл жағдай не экономикаға, не өмір салтына, не басқа ештеңеге мүлдем әсер еткен жоқ. Сыртқы периметрдегі оқиғалардан қарағанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан немесе Тәжікстанның ішкі саяси оқиғаларының маңызы әлдеқайда зор болды. Тіпті Ауғанстандағы биліктің Талибанның қолына қайта өтуі де ешқандай түбегейлі өзгеріске әкелмеді.

Шиеленіс мүмкіндіктері

-Дегенмен, Иранмен географиялық жақындығымызды ескерсек, әскери қақтығыстың салдарынан мүлдем қаперсіз отыру мүмкін бе?

— Иә, билікті біршама сескендірген эмоционалды сәттер болды, бірақ Орталық Азия елдерінің саясаты мен экономикасы түбегейлі өзгерген жоқ. Иран өте жақын орналасса да, Қазақстан мен Түркменстан онымен теңіз және құрлық арқылы тығыз байланысты болса да, әскери тұрғыдан ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

— Қаншалықты кәнігі естілсе де, Ирандағы режим ауысса немесе басшылықта прагматикалық көзқарас күшейсе, бұл Түркменстан мен Өзбекстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Өйткені сонда ғана көлік дәліздерін ұзақ мерзімді жоспармен дамытуға мүмкіндік туады. Иран халықаралық санкция астында тұрғанда, ал Өзбекстан мен Қазақстан басшылығы америкалықтарды ренжітіп, қосымша санкциялар тізіміне ілікпеуді ойлап отырғанда — теміржол мен автожол құрылысының ұзақ мерзімділігі туралы айту мүмкін емес.

— Яғни, Иранның ішкі саяси трансформациясы біздің экономикалық интеграциямызға тікелей жол ашады деп есептейсіз бе?

— Иранды алда өте үлкен оқиғалар күтіп тұр. Бұл бөлек тақырып, бірақ Иранда бәрі енді басталып жатыр. Саяси өзгерістер бір аптада немесе бір айда болмайды. Ұзақ мерзімді перспективада бұл жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Экономиканы қалпына келтіру, құрылыс, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу – осының бәрі халықаралық санкциялар алынған кезде үлкен экономикалық белсенділікке жол ашады. Бұл тек көлік дәліздерін ғана емес, сонымен қатар Түркменстан мен Өзбекстан үшін энергетикалық қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді.

Мұнай бағасы және энергетикалық стратегия

-Экономикалық қауіпсіздік туралы тағы бір сәт. Қазір Иран Ормуз бұғазын жауып, ол жерден өтетін мұнай танкерлерін атып түсіреміз деп қорқытып жатқанын білеміз. Біздің экономикамыз толығымен мұнайға тәуелді. Бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін?

-Қалай болғанда да, Қазақстан мен Түркіменстан бұдан жақсы пайда таба алады. Энергия ресурстарына, мұнай мен газға баға өскен сайын, олардың табысы да артады. Теориялық тұрғыдан алғанда, неге осы сәтті пайдаланбасқа? Бұл тек Батыс пен Қытайдың экономикалық қауіпсіздігін ғана емес, біздің дипломатиялық ықпалымызды да арттырады.

— Осы орайда «жасыл» энергия мен атом энергетикасының рөлі қандай болмақ? Көбі бұл жобаларға күмәнмен қарайды…

— Екі қате түсінік бар: біріншісі – атом энергетикасы дәуірі аяқталды деген, екіншісі — «жасыл экономикаға» салынған күш ақталмады деген. Бұл екеуі де қате. Жел энергетикасына және басқа да баламалы көздерге салынған инвестициялар өз жемісін берді. Сол сияқты, АЭС-ті кім салса да, ол Ресейдің немесе Қытайдың ықпалы үшін емес, сұраныстың жоғары болуына байланысты салынуы керек. Бұл сұраныс өсе береді және оны ұзақ мерзімді жоспармен қанағаттандыру керек. Кез келген жағдайдан тек минус емес, плюс іздеу керек.

«Ұйқыдағы» радикалдардың күш алуы мүмкін бе?

— Қауіптер туралы тағы бір сұрақ. Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесін өткізді. Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс ушыға түссе, біздің аймақта да радикалды топтардың немесе «прокси» күштердің белсенділігі артуы мүмкін бе?

— Олар онсыз да өседі. Бұл оқиғалар болса да, болмаса да олар бар. Нақты оқиғалармен байланыстырудың қажеті жоқ. Мен бұл жағдай радикалдардың санын күрт арттырады деп ойламаймын. Олар сыртқы саяси оқиғаларға байланысты емес, басқа себептермен көбейеді.

— Сонда радикалданудың негізгі қозғаушы күші сыртқы діни фактор емес, ішкі әлеуметтік мәселелер ме?

— Дәл солай. Орталық Азиядағы радикалды қозғалыстар біздегі қате экономикалық саясаттың, әлеуметтік және экономикалық алшақтықтың салдарынан өседі. Мемлекет өзінің базалық міндеттерін – суықта жылумен қамтамасыз етуді, газ бен жанармай жеткізуді орындай алмаса, шағын және орта бизнесті қудалауды тоқтатпаса, жемқорлық азаймаса, радикализм күшейеді. Мемлекет әлеуметтік, экономикалық, білім беру салаларында дұрыс бағыт ұсынбаса, тек діни ғана емес, басқа да радикалды идеялар өседі. Тәсілді өзгертуі керек. Жұртты қорқыта берудің қажеті жоқ.

Қазақстан мен Өзбекстанның 15 жылдағы дипломатиясы жайлы              

— Демек, біздің аймақ үшін қауіп минималды болса, Орталық Азия елдеріне тек «сақ болу» ғана қала ма?

— Әрқашан. Алдағы 15 жыл – үнемі сақ болуды қажет ететін дәуір. Тек оңтүстік шекара емес, солтүстік, шығыс және батыс шекараларда да солай. Өйткені біз жаңа «жалпы дағдарыс» дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.

—  Бұл жағдайда біздің дипломаттардың басты міндеті қандай?

— Қазақстан мен Өзбекстан үшін ешкімді ренжітпей, абайлап лавирлеу қажет. Біз соңғы 5 жылда Парсы шығанағындағы араб елдерімен қарым-қатынасты қатты күшейттік. Олар өздеріне қатысты кез келген ауытқуды өте ауыр қабылдайды. Иран да солай. Сондықтан олар араб монархияларын да, ирандықтарды да, америкалықтарды да ренжітпеу үшін өте абайлап әрекет етуге мәжбүр. Бұл зергерлік дәлдікті талап етеді.

Мысалы, сыртта сені сабағысы келетін ірі жігіттер тұр делік. Бірақ себеп таба алмай тұр. Ал сен олар себеп тапқанша араларынан өтіп үлгеруің керек. Міне, Орталық Азия мемлекеттері үшін қазіргі сәт осындай. Бізге ракеталар ұшып келмесе болғаны. Сондықтан тек үміт қана бар. Ал қалған жағдайда біз «отқа май құймаймыз». Тату болыңыздар, прагматик болыңыздар, экономиканы дамытыңыздар – біздің ұстанымымыз осы.

Сұхбатыңызға рахмет!

Оқу үшін